Ажырасудың машақаты: Қазақстанда некені бұзу үшін нені білу керек?

0
2 027

Некені жұбайының жүктілігі кезеңінде және бала туғаннан кейінгі бір жыл ішінде бұзуға болмайды.


Ажырасудың машақаты: Қазақстанда некені бұзу үшін нені білу керек?

Қазақстанда некеге қатысты мәселелер Неке және отбасы кодексімен реттеледі. Заңда ресми түрде ажырасу шаттары бекітілген. Биыл қыркүйек айынан бастап балалары бар ерлі-зайыптылар үшін некені бұзу қиындай түсті. Себебі осы істерді қарау тәртібі өзгерді. Sputnik Қазақстан ажырасуға қатысты заңның негізгі талаптарын ұсынады.

Некені бұзу туралы өтінішті қайда жібереді?

Өтініш жіберудің екі жолы бар. Олар:
1. Азаматтық хал актілерін жазу бөліміне (АХАЖ) жүгіну;
2. Сот арқылы арыз түсіру.
АХАЖ-ға некенің тіркелген жері бойынша жүгінеді. Өтінішті сол жерге апарып беруге болады. eGov порталы арқылы онлайн арыз түсіру қызметі де бар. Мемлекеттік баждың көлемі 2 АЕК (6 900 теңгені) құрайды.
Сотқа да арызды қолма-қол апарып беруге болады. Ал онлайн өтініш сот кабинеті арқылы жіберіледі. Оған электронды цифрлық қолтаңба керек. Мемлекеттік баж – 0,3 АЕК (1035 теңге).

АХАЖ арқылы қандай жағдайда ажырасуға болады?

ерлі-зайыптының ортақ балалары жоқ, екеуі де ажырасуға қарсы емес, сондай-ақ мүлікке қатысты келіспеушіліктер болмаса;
ерлі-зайыптының біреуін сот хабар-ошарсыз кеткен адам деп таныса;
сот шешімімен ерлі-зайыптының біреуі әрекет етуге қабілетсіз деп танылған жағдайда;
ерлі-зайыптының біреуі қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жылға бас бостандығынан айырылса.
Осы шарттардың біреуі сақталса, АХАЖ арқылы ажырасуға болады.

Сот арқылы ажырасу тәртібі

  • Сотқа жүгінудің бірнеше себебі болады:
  • әйелдің не ер адамның некені бұзуға келіспеуі;
  • біреуінің ажырасудан қашуы;
  • мүліктік немесе өзге де талаптардың болуы;
  • ерлі-зайыптының ортақ балалары болған жағдайда.
Сот некені бұзу туралы шешім шығарғанда бірнеше мәселеге баса мән береді. Олар:
  • ажырасқаннан кейін кәмелетке толмаған балалар ата-анасының қайсысымен бірге тұрады;
  • ата-анасының қайсысы және қандай мөлшерде балаларды асырауға алимент төлейді;
  • кәмелетке толмаған балалардың және ерлі-зайыптының жеке мүдделерін ескере отырып, ортақ мүлікті бөледі;
  • мүлікті алуға құқығы бар жұбайдың талабы бойынша балаларды асырау мөлшері де ескеріледі.

Некені бұзу неге қиындай түсті

Биыл қыркүйек айынан бастап балалары бар ерлі-зайыптының ажырасу туралы өтініштерін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарайды.
Бұл соттар неке бұзудан бөлек басқа да мәселерді қарастырады. Негізгі міндеттері:
  • кәмелет жасқа толмаған балалар болған жағдайда мүлікті бөлу;
  • баланың тұратын жерін анықтау;
  • баланың жақын туыстарымен араласу тәртібін белгілеу;
  • ата-ана құқығынан айыру және оны қалпыну келтіру;
  • баланы асырап алу;
  • кәмелет жасқа толмаған балаларды арнайы білім беру ұйымдарына жіберу;
  • балаға патронат және қамқоршы болуға қатысты дауларды шешу;
  • әкені анықтау және алимент өндіру;
  • 14-18 жастағы баланың табысын өздігімен жұмсау құқығын шектеу немесе жою;
  • алименттің мөлшерін өзгерту және оны төлеуден босату.
Осы орайда айта кетері, кәмелетке толмаған балалар болса да, ерлі-зайыптының бір-біріне мүліктік талаптары болмаған жағдайда сот себептерін анықтаусыз некені бұза алады. Ондайда судьяға мүлікті бөлу туралы келісімді көрсету керек.

Мүлікті бөлу туралы келісім

Бұл келісім нотариуста жасалады. Құжатта ажырасудан кейін мүліктің кімге және қандай көлемде қалатыны көрсетіледі.
Заңгерлер мүлікке қатысты дау-дамайларға тап болмау үшін неке келісімшартын жасауға кеңес беріп отыр. Сонда ерлі-зайыпты ажырасқан жағдайда кімге және қандай мүлік қалатынын біліп отырады. Осы құжатта әрбіреуінің құқықтары және міндеттері жазылады. Бұдан бөлек, балалардың мүліктік құқықтары да көрсетілуі мүмкін.

Ажырасу неше айға созылады

Заң бойынша сот арқылы неке бұзу процесі 6 айға дейін созылуы мүмкін. Алдымен ажырасу туралы өтініш қаралады. Ал мүлікті бөлу туралы келісім болмаса, осы мәселеге қатысты тағы бір арыз түсіруге тура келеді. Оған дейін ерлі-зайыпты өз атындағы мүлікті сата алмайды. Себебі нотариустың базасында бірден әйелінің немесе күйеуінің келісімі қажет деген ескерту шығады.
Сотта мүлік тең бөлінеді. Ал мүлікті бөлу туралы арыз түсірген адам мемлекеттік баж төлейді. Оның көлемі арыздағы соманың 1 процентін құрайды. Судья ортақ мүлікті ғана бөледі, жеке мүлік адамның өз атында қалады.

Жеке мүлікке не жатады

Неке және отбасы кодексінің 35-бабында ерлі-зайыптының жеке меншігі нақты көрсетілген. Олар:
некеге отырғанға дейін ерлі-зайыптының әрқайсына тиісті мүлік;
мұрагерлік тәртібінде немесе ақысыз мәмілелер бойынша ерлі-зайыптылар некеде болған кездегі мүлік;
бағалы заттар және басқа да әшекей заттарды қоспағанда, ерлі-зайыптыныңортақ қаржысы есебінен сатып алынса да жеке қолданыс заттары (киім, аяқ киім және басқалары);
некенің нақты тоқтатылуына байланысты жеке тұру кезінде ерлі-зайыптыныңәрқайсы жинаған мүлік.
Жеке мүлік үшін арнайы сот шешімі қажет емес. Бірақ ерлі-зайыптының біреуіне тиесілі мүліктің құнын ұлғайтатын салымдар болса, оны ортақ мүлік деп тануы мүмкін. Мәселен, пәтер біреудің атына жазылған, ал жөндеу жұмыстары жұбайының ақшасына жасалды. Ондай жағдайда пәтер ортақ мүлік деп танылады.

Ортақ мүлік дегеніміз не

Кодекстің 33-бабына сәйкес, неке кезінде жиналған мүлік ортақ мүлік болып саналады. Олар:
  • еңбек қызметінен, кәсіпкерлік қызметтен және зияткерлік қызмет нәтижелерінен ерлі-зайыптының әрқайсының табыс сомалары;
  • ерлі-зайыптының ортақ мүлкінің және ерлі-зайыптының әрқайсының жеке мүлкінің табыс сомасы;
  • зейнетақылар, жәрдемақылар, зейнеткерлік жинақтаулар, сондай-ақ арнайы мақсатты тағайындалуы жоқ өзге де ақшалай төлемдер;
  • ерлі-зайыптының ортақ табысы есебінен алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлік, құнды қағаздар, пай, салымдар, несие ұйымдарына немесе өзге ұйымдарға енгізілген капиталдағы үлестер;
  • неке кезінде ерлі-зайыпты жинаған кез келген басқа мүлік.

Балалардың үлесі бар ма

Бүгінде ортақ мүліктегі үлеске балалардың да құқығы бар деген жаңсақ пікір қалыптасқан.
"Шын мәнінде олай емес, бастапқыда ерлі-зайыптының әрқайсының үлестері 1/2 құрайды. Заң бойынша ерлі-зайыптының біреуі табысты әдейі алмаса және ортақ қаражатты ұстамаса, балалар ескеріле отырып үлестер өзгереді. Бұл ретте балаларға ерекше үлес төленбейді, тек балалар бірге қалатын ерлі-зайыптының бірінің үлесі ұлғаяды. Екінші иесі міндетті түрде балаларды асырауға алимент төлеуге міндетті", - дейді мамандар.
Осы орайда бір мысал келтірген жөн. Сотта ерлі-зайыптының біреуі алколгольге және есірткіге тәуелді болғаны дәлелденсе, оған ортақ мүліктің аз үлесі тиеді. Сол сияқты біреуі неке кезінде ортақ мүлікке аз ақша салса, ажырасқаннан кейін өзіне тиесілі үлесін алады. Ол үшін барлық дәлелді көрсету керек.

Ажырасқаннан кейін кредитті кім төлейді

Неке кезінде кредит отбасы үшін рәсімделсе, ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптының екеуі де қарызды өтеуге міндетті. Сот берешекті тең бөліп береді.
Ал кредиттің ақшасы ерлі-зайыптының біреуіне ғана жұмсалса, онда ол өзі төлейді.

Жүкті әйелмен ажырасуға болмайды

Неке және отбасы туралы кодексінің 16-бабының 2-тармағына сәйкес, некені жұбайының жүктілігі кезеңінде және бала туғаннан кейінгі бір жыл ішінде бұзуға болмайды. Себебі әйел адам балаға қарап, 1 жастан асқаннан кейін балабақшаға барған соң ғана жұмысқа шыға алады. Осы уақыт аралығында әйелдің келісімінсіз сот ерлі-зайыптының некесін бұзбайды.