Ажар Ғиният вакцина өндіретін компания иесінің ұсталуына қатысты пікір білдірді

0
425

​Қазір денсаулық сақтау министрлігінде жыл соңына жететіндей вакцина бар.


Ажар Ғиният вакцина өндіретін компания иесінің ұсталуына қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыда "Спутник V" вакцинасын шығаратын фармацевтикалық кешеннің ортақ иеленушісі Қайрат Боранбаевтың тұтқындалуына байланысты вакцина тапшылығы болмайтынын айтты, деп жазады sputnik.kz.

"Бұл жеке компания және оның келешектегі тағдыры қандай болатынын білмеймін. Денсаулық сақтау министрлігінің бұл зауытқа ешқандай қатысы жоқ. Бұл компаниямен шарттық міндеттемелер толық орындалды және бізде онымен қосымша шарттық міндеттемелер жоқ", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айтуынша, қазір министрлікте жыл соңына жететіндей вакцина бар.

"Қазір бізде вакциналардың қажетті көлемі бар, жылдың аяғына дейінгі аралыққа сатып алдық. Қажет болған жағдайда қосымша қарастырамыз, қазір ондай қажеттілік жоқ", - деді Ажар Гиният.
Сондай-ақ министр былтыр Қарағандыда "Спутник V" вакцинасын шығаратын фармацевтикалық кешеннен өнім сатып алуға қанша қаржы жұмсалғаны туралы қазір қолында нақты ақпарат жоқ екенін айтты.
Министрдің айтуынша, 2021 жылы жалпы вакцина сатып алу үшін бюджеттен 88 миллиард теңге бөлінген, оның ішінде 63 миллиард теңге "Сптуник V" вакцинасын алуға, QazVac вакцинасын сатып алуға 5,9 миллиард теңге, CoronaVac сатып алу үшін 3,5 миллиард теңге және Sinopharm вакцинасын сатып алу үшін 15 миллиард теңге бөлінген.
Айта кетері, 17 наурызда бизнесмен Қайрат Боранбаев 2 ай мерзімге қамауға алынғаны белгілі болды.
Қаржы мониторингі агенттігі квазимемлекеттік сектордағы аса ірі көлемдегі қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Боранбаев – ірі кәсіпкер, ол Қазақстандағы, Беларусьтегі және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald's жылдам тамақтану желісінің және тағы басқа ірі компаниялардың иесі.
Ал Қарағанды фармацевтикалық кешені 2005 жылы құрылған. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік форматында жұмыс істейтін компания бәсекеге қабілетті бірегей препараттарды өндіру үшін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тапсырмасы бойынша ашылған.
Кейін компанияға жеке инвестициялар тартылды. Ашық дереккөздегі ақпарат бойынша, 2017 жылы ішінара қазақстандық бизнесмен Қайрат Боранбаевқа тиесілі "НеоТекФарм" компаниясы кешеннің иесі болды.
Қайрат Боранбаевтың қызы Әлима 2020 жылдың тамыз айында қайтыс болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтанға тұрмысқа шыққан. Олардың Амели есімді қызы мен Сұлтан есімді ұлы бар.