Ауыл мектептері Илон Маск интернетіне қосыла бастады

0
424

Министр кез келген ақпаратқа қолжетімділік артқанда мұғалімдер де өз сабақтарын барынша тиімді өткізетінін, оқушылар қажетті білім беру ресурстарына қол жеткізетінін айтты.


Ауыл мектептері Илон Маск интернетіне қосыла бастады

ERNUR.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Starlink интернетіне қосылған Ақмола мектебіне барды. Бұл — әйгілі Илон Масктің интернет тарту жобасы, деп жазады Kazinform.

«Жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысындағы Майшұқыр ауылына бардым. Мұндағы жергілікті білім ордасы еліміздегі 2000 ауылдық мектепті интернетке қосу жобасы аясында Starlink желісіне қосылған. Ауылға барғанда интернет сапасын тексердім, мұғалімдермен және оқушылармен кездесіп, сөйлестім. Мұғалімдер мектеп Starlink интернет желісіне қосылғаннан кейін заманауи оқу материалдарына қол жеткізгенін, бұл балалардың оқу процесіне оң әсерін тигізгенін айтты», — деп жазды Цифрлық даму министрі өзінің Telegram парақшасында.

Министр кез келген ақпаратқа қолжетімділік артқанда мұғалімдер де өз сабақтарын барынша тиімді өткізетінін, оқушылар қажетті білім беру ресурстарына қол жеткізетінін айтты.

«Бұл оқушылардың цифрлық сауатын арттыруға да көмектеседі. Себебі ол қазіргі заманда айрықша маңызды. Жоғары жылдамдықты (шамамен 200 Мб/сек) және тұрақты интернетпен қамтамасыз ететін Starlink желісі — ауылдық жерде білім беру тетігін жақсартудың маңызды құралы. Болашаққа салынған бұл инвестиция оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан, оларға тең білім алу мүмкіндіктерін ұсынады», — дейді Бағдат Мусин.

Айта кетейік, Ақмола облысындағы 270 мектепке Starlink интернеті тартылады.