"Аурухана есігінің алдына тастап кеткен": Ақтөбелік әйел жұмбақ жол апаты салдарынан қаза тапты

0
610

Марқұмның артында күйеуі мен 10 және 13 жастағы кәмелетке толмаған екі баласы қалды.


ERNUR.KZ. Ақтөбелік әйел жұмбақ жол апаты салдарынан қаза тапты, деп жазады stan.kz.

Қайғылы оқиға 1 қаңтарда болған. Марқұм Ирина Ш. жаңа жылды қарсы алу үшін Жайсаң ауылына ата-анасына барған. 1 қаңтар күні сағат 13:00 шамасында көршісін мерекемен құттықтауға кетіп, үйіне оралмапты. Туыстары оның сол күні не болғанын әлі түсіне алар емес.

“1 қаңтар күні әпкем көрші үйге қонаққа кетті. Біраз уақыттан кейін оның ұзақ уақыт байланысқа шықпағанын байқап, Ираның қайда екенін білу үшін көршіге баруды жөн көрдік. Көрші 20 минут бұрын шығып кеткенін айтты, бірақ үйге де оралмады. Кейіннен Ира Мәртөк ауруханасында, жансақтау бөлімінде жатқанын, жағдайының ауыр екенін білдік", – дейді марқұмның сіңлісі Елена Лакова.

Тергеу мәліметінше, Ирина дүкеннің жанында достарын кездестіріп қалған, достары оған көлікпен жеткізіп салуды ұсынып, әйел өз еркімен көлікке отырған. Үйіне жетіп, Ирина көліктен түскен соң, жүргізуші кері жүре бастаған, осы кезде Иринаны байқамай, оның үстінен басып өткен.

Жүргізуші Иринаны ауруханаға жеткізіп, ауыр жағдайда аурухана табалдырығына тастап кеткен. Әйел дереу сол жерде ауруханаға жатқызылды. Біраз уақыттан кейін жүргізуші полиция бөліміне келіп, Иринаны абайсызда қағып кеткенін мойындаған. 6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түні Ирина көз жұмды. Өлімге қатысты сараптама жүргізілнен, оның нәтижесі әлі белгісіз.

“Бұл жігіттер оның танысы емес, Жайсаңда тұрмағанына 18 жыл болды, неге олардың көлігіне отырды? Олай болса да, күндіз көліктің артындағы адамды байқамау қалай? Оны қой сияқты жүксалғышқа салып апарған. Осы 17 күн ішінде бізге учаскелік полиция қызметкері де, тергеуші де келмеді. Іс жол-көлік оқиғасы ретінде тіркеліп, куәгерлер сұралмаған. Тергеушіге қояр сауалымыз көп", – дейді марқұмның сіңлісі.

Марқұмның артында күйеуі мен 10 және 13 жастағы кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізуші қазір уақытша ұстау изоляторында.