Атырауда өзгенің суретін желіде жариялаған тұрғынға 100 мың теңге айыппұл салынды

0
282

Ол сондай-ақ жазбаны жоюға міндеттелді.


Атырауда өзгенің суретін желіде жариялаған тұрғынға 100 мың теңге айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Атырауда өзгенің фотосуретін әлеуметтік желіде жариялаған тұрғынға сот үкімімен 100 ың теңге айыппұл салынды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот сондай-ақ жауапкерді «Facebook» әлеуметтік желісіндегі жарияланымдарды жоюға міндеттеді.

«Атырау қалалық сотында талап қоюшы Т.-ның Б.-ға талап қоюшы бейнеленген жарияланымдарды жоюды міндеттеу, моральдық зиянның орнын толтыру туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды. Т. талап қою арқылы сотқа жүгініп, жауапкердің интернеттегі «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы өзінің келісімінсіз суретін заңсыз жариялағанын көрсеткен», - делінген сот хабарламасында.

Ол жеке өміріне жауапкер заңсыз араласып, жеке мүліктік емес игіліктері мен құқықтарын, соның ішінде өз бейнесіне құқығын бұзды деп санайды.

Талап қоюшы өзінің бейнесі бейнеленген мақаланы жоюды және моральдық зиян келтіргені үшін 200 000 теңге төлеуді талап еткен.

«Сот «жауапкер талап қоюшының суретін пайдаланып, оның келісімінсіз жарияланым орналастырған, олар заңсыз жолмен алынуына байланысты талап қоюшының құқығы бұзылды деп есептеді. Осыған байланысты жауапкерден талап қоюшының пайдасына 100 000 теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді», - делінген хабарламада.

Сот жауапкерге «Facebook» әлеуметтік желісінен талап қоюшы бейнеленген жарияланымды жоюды міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.