Атырау мұнай зауытында жарақат алған құрылысшы ауруханада көз жұмды

0
572

Оқиға механикалық тазарту қондырғыларының құрылыс алаңында жүк көтергіш техниканы маневрлеу кезінде болған.


ERNUR.KZ. Атырау мұнай өңдеу зауытының құрылыс алаңында жұмысшы жарақат алып, ол ауруханада көз жұмды, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл деректі Атырау мұнай өңдеу зауытының қоғаммен байланыс бөлімі растады.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты 3 наурызда кәсіпорын аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан қосалқы мердігер компаниялардың бірінде жазатайым оқиға болғанын хабарлайды. Оқиға механикалық тазарту қондырғыларының құрылыс алаңында жүк көтергіш техниканы маневрлеу кезінде болған. Қосалқы мердігер компанияның зардап шеккен жұмысшысы облыстық аурухананың травматология бөлімшесіне жедел жеткізілді. Кейін жұмысшы алған жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды», - деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен.

Қазір болған оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталып жатыр.