​Астанада қоқыстан жасалған Жұмбақтас пайда болды

0
500

«Қоқыстас» арт-объектісі «Киелі табиғат» эко-сенбілігін және басқа да көптеген экологиялық бастамаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған.


​Астанада қоқыстан жасалған Жұмбақтас пайда болды

Жұмбақтас — Бурабайдың ең басты символдарының бірі, және жыл сайын мыңдаған туристтер соны көруге келеді. Астанада біресе жалмауыз кемпірдің, біресе қыздың бейінін көрсететін жартастың қоқыстан жасалған көшірмесі пайда болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Жаңа Адамдар» біздің киелі жерлерімізге келетін туристтер қаншама қалдықтарды қалдыратынын көрсету үшін осы арт-жобаны дайындаған болатын. Белсенділер Бурабайда қоқыстарды жинап, содан Жұмбақтас тасының мүсінін жасады. Осы арт-нысан Қазақстанның мәдени мұрасының сақталуы мен тазалық үшін күрестің символына айналды.

Жыл сайын Бурабайдың бірегей табиғат әсемдігімен танысуға келетін туристтердің саны жылдам көбеюде. Көрікті жердің танымалдығымен қатар, қоқыстың да көлемі өседі. Талай тарихи оқиғаларға куә болған Жұмбақтас жазулармен көмкерілген және қалдықтарға батып жатыр.

Бауыржан Аманов, «Жаңа Адамдар»: «Біздің киелі жерлер мен мәдени ескерткіштердің жойылуына немқұрайлы қарай алмаймыз. Қазақстандықтарды табиғатымызды және тарихымызды сақтау үшін күреске қосылуға шақырамыз. Өзіңізден бастаңыз, қоқыстарды шашпай, табиғатты құрметтеңіз. Жерге тасталған қоқыс сәл уақыттан кейін айналаны жұтып алуы да мүмкін».

Айта кетейік, «Қоқыстас» арт-объектісі «Киелі табиғат» эко-сенбілігін және басқа да көптеген экологиялық бастамаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған болатын.