Алматыда қойылым қатысушыларын митингке шыққандармен шатастырып алды

0
517

​Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, Тәуелсіздік күні қарсаңында қалада митингілер өткен, соған байланысты көшедегі ерекше серуенге шағымданғандар болған.


Алматыда қойылым қатысушыларын митингке шыққандармен шатастырып алды

ERNUR.KZ. Алматыда демалыста "Куда дальше" иммерсивті қойылым-серуен қызметкерлерін ұстады. Полиция қала тұрғынынан шағым түскенін айтқан. Айта кетері, қойылымды ұйымдастырушылардың қала әкімдігінен ресми рұқсаты бар, деп жазады sputnik.kz.

2021 жылдың 19 желтоқсанында Алматыда Луганск көшесінде Медеу аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері "Куда дальше" иммерсивті аудиоқойылымының екі қызметкерін ұстады.

Продюсер, "Куда дальше" аудиоқойылымын ұйымдастырушы Анна Шелепова Sputnik Қазақстан тілшісіне полиция ешқандай жазбаша негіздеме көрсетпегенін, тек қала ішінде саяси плакаттар ұстап, митинг өткізіп жатыр деп хабарласқан ер адамның сөзіне сүйенгенін айтты.

"Біздің аудиоқойылым – бұл экскурсия, интерактив, театрлық қойылым элементтері бар құлаққаппен серуендеу. Біз қала мен адамдардың тарихын айтып, керемет шығармашылық туристік өнімді жасаймыз. Коронавирус жағдайында таза ауада серуендеу қауіпсіз және пайдалы екенін ескерген жөн. Біз шығармашылық адамы ретінде саясатқа қатысымыз жоқ, тек мәңгілік құндылықтар мен өмір мәнін насихаттаймыз. "Куда дальше" қойылымы әр адамның өмір мағынасын іздеуін білдіреді", - деді ол.

Шелепова ұсталған гидтердің жеке куәліктері болғанын, олар қоғамдық тәртіпті бұзбағанын айтты. Оларды жағдайды анықтау үшін қойылым аяқталғаннан кейін бірден жабдықтармен бірге алып кеткен.

"Тәуелсіздік күні қарсаңында митингілер болғанын, соған байланысты бір азаматтың әлеуметтік желідегі парақшадан фото көріп, бізді тексеруді талап еткенін айтты. Мен полициядан шағымды көрсетуді сұрадым, оның аты-жөнін сұрадым, алайда олар шағымданушы шенеунік болғандықтан өтінішін жауапсыз қалдыра алмағанын жеткізді", - дейді Анна Шелепова.

Қойылым әкімдікпен келісіп ұйымдастырылған

Спектакльдің тағы бір ұйымдастырушысы және продюсері Маргарита Боярова қойылым 2021 жылдың тамыз айынан бастап Алматы қаласының Медеу ауданындағы орталық көшелерде өтіп жатқанын айтты. Бұл аудан әкімдігінен бастап қала әкімдігіне дейін келісілген. Жазда Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасының қолдауымен қала бойынша жарнама орналастырылды, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланымдар болды.

Қорытындылай келе, Анна Шелепова оларға әлі күнге дейін өтініш берушінің деректері берілмегенін және кешірім сұрамағанын айтты.

"Осы жобаны ұйымдастырушы, біздің бұрыннан келе жатқан досымыз Анна Шелеповамен келіссөздер жүргіздік. Қала тұрғындарына арналған жаңашылдық туралы қызықты мағұлмат алдық. Алматы қаласының полиция департаменті спектакль басшысының шақыруын ықыласпен қабылдады және мегаполис тұрғындары өмірінің жайлы әрі қауіпсіз болуы үшін одан әрі бірлескен жемісті ынтымақтастыққа үміт білдіреді", - деп нақтылады Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.