Алматыда абақтыдан қашып кеткен ер адам Ақтөбеде ұсталды

0
2 434

Ер адам бірнеше рет сотты болған, қазірде тонау және алаяқтық қылмысы үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған.


Алматыда абақтыдан қашып кеткен ер адам Ақтөбеде ұсталды

ERNUR.KZ. Алматыда уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен қылмыскер Ақтөбеде ұсталды, деп жазады Tengrinews.kz.

ІІМ баспасөз қызметі Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында сотталған Дамир Дәуітов 28 ақпанда ұсталғанын хабарлады.

"Алматы қаласы ҚАЖД және Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері қашып кеткен сотталушыны ұстау бойынша жедел-іздестіру шараларын сәтті аяқтады. Алматы полиция департаменті аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 426-бабы ("Бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашу") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр", - деп хабарлады ІІМ өкілдері.

Мұның алдында ер адам бірнеше соттылығы бары, қазірде тонау және алаяқтық қылмысы үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланған.

Ведомство өкілдері ҚАЖК-да қызметтік тексеріс жүргізілгенін, оның нәтижесінде заңбұзушылыққа жол берген қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылғанын мәлім етті.

Еске салайық, Дамир Дәуітов Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінен 15 ақпанда қашып кеткен. БАҚ мәліметінше, ол бұрын да қашқан.