Алакөл жағалауында үйректердің жаппай қырылуы демалушыларды үрейлендірді

0
817

Қазіргі уақытта құстардың өлімі туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабарланған.


Алакөл жағалауында үйректердің жаппай қырылуы демалушыларды үрейлендірді

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлерімен бірлесіп Алакөл аралдарының бірінде құстардың жаппай қырылу фактісін тексерді, деп жазады Stan.kz.

Аралтөбе аралында үйректердің өліп жатқандығы туралы Instagram-дағы "Клуб Добряков Астаны" тобына демалушылардың бірі хабарлады.


"Жақында Шығыс Қазақстан (Қабанбай ауылы, Аралтөбе аралы) жақтағы Алакөл көліне демалуға барып, көптеген өлген құстарды көрдім. Көбі - үйректер. Мен кішкентай аралдың өзінен 20-дан астам өлген құсты есептедім. Біз бір үйректі ұстап алып, оны табиғат қорғау ұйымының қызметкеріне құстардан анализ алу үшін бердік. Мен оған жақындадым, ол әрең қозғалып жатты", - деді ер адам.


"Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлерімен бірлесіп, Алакөл көлінің Аралтөбе шағын аралына құстардың қырылу фактісі бойынша барып, қайтты. Аралды тексеру кезінде мамандар тоғыз өлі қызыл үйрек табылды. Мамандар Аралтөбе үлкен, орта және кіші аралдарын аралап шықты. Құстардың жаппай қырылуы тіркелген жоқ", - деп жазды Facebook-тегі парақшасында комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.

Оның сөзіне қарғанда, қазіргі уақытта құстардың өлімі туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабарланған. Жақын арада олар зерттеу жүргізіп, үйректердің өлімінің себебін анықтауы керек.

Бұдан басқа, ғылыми ұйымдар, инспекция және экология департаменті қызметкерлерінің сапары ұйымдастырылды.