Ақтөбеде күйеуі мен үш баласының өліміне кінәлі деп айыпталған әйел сотта ақталып шықты

0
317

Оқиғаға қаза болғандардың әйелі мен анасы, 30 жастағы медбике күдікті деп танылды.


Ақтөбеде күйеуі мен үш баласының өліміне кінәлі деп айыпталған әйел сотта ақталып шықты

ERNUR.KZ. Бір жыл бұрын Самара-Шымкент тасжолында қорқынышты жол апаты болды. Жүргенов ауылына жақын маңда екі көлік соқтығысып, оқиға орнында ер адам мен оның үш баласы мерт болды, деп жазады stan.kz.

Оқиғаға қаза болғандардың әйелі мен анасы, 30 жастағы медбике күдікті деп танылды. Себебі оқиға болған күні жеңіл көлікті сол айдаған екен. Тергеу дерегі бойынша, әйел қарсы жолға шығып кетіп, жүк көлігімен соқтығысқан.

Дегенмен сотта бұл нұсқа толық емес деп танылды. Әйел өз жолағымен қозғалғаны дәлелденді. Керісінше, жанармай тасымалдайтын көлікті басып озамын деген жүк көлігі қарсы жолға шығып кеткен. Мұны көріп медбике тежеуішті басқанымен, көлік тоқтай алмай жүк көлігімен соқтығысқан.

Жанармай тасымалдайтын көлік жүргізушісі мен жол апатының басқа да куәгерлері бұл деректі растады. Нәтижесінде Әйтекеби аудандық соты күдіктінің жол ережесін бұзғаны дәлелденбегендіктен оны ақтау туралы шешімге келді.

Айта кетейік, Алматыда 3 адамның өліміне әкелген автобус апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сот барысында жол-көлік оқиғасы туралы куәгердің айғағы оқылды. Сонымен қоса автобус жүргізушісі мен жәбірленуші арасында дау туындады.

Іс Алматы қаласындағы Алатау аудандық сотында қаралып жатыр. Сотталушы – 32 жастағы Дархан Ахметжанов. Сот барысында күдіктінің адвокаты жол апаты оқиғасының куәгері болған азаматтың айғағын оқыды. Куәгердің сөзінше, жол ақысын төлемеген азамат пен автобус жүргізушісінің арасында дау туындаған.