Ақтөбеде қатты желдің салдарынан екі үйдің шатыры ұшып кетті

0
317

Шаһардың кей аудандарында жарық өшіп, көлік қатынасы қиындады.


Ақтөбеде қатты желдің салдарынан екі үйдің шатыры ұшып кетті

ERNUR.KZ. Қатты желдің салдарынан облыс орталығының "Әуе қалашығы" деп аталатын ауданындаға бес қабатты екі үйдің тұрғындары қазір далаға шығуға қорқып отыр. Өйткені, біреуінің шатыры түгелдей ұшып кеткен. Ал, екіншісінің бір бөлігі құлап, қалғаны желмен қозалып, адамдарға қауіп төндіріп тұр. Бұл аумақты полиция қоршауға алды. Жаяу жүргіншілер мен көліктердің өтуіне рұқсат жоқ, деп жазады inbusiness.kz.

Әкімдік өкілдері мен Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жағдайды бақылауға алды. Жауаптылар 6 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген бұл үйлерді тез арада жөндеп береміз дейді.

Түннен бері боранның салдарынан кейбір көшелердегі бағдаршамдар да жұмыс істемей тұр. Алыс аудандарды былай қойғанда, облыс орталығына қарасты елді мекендерге қатынайтын жолаушылар автобустары жүрген жоқ. Өйткені, қарға адым жердің өзін көру мүмкін емес. Түнде қала бойынша 2 мың абонент жарықсыз қалған.

"Энергосистема" ЖШС бас инженерінің айтуынша, мамандар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр.

"15 бригада, 50-дің үстінде адамымыз бар.Қурайлы, Құрашасай,Бауырластар елді мекендерінде авариялық жұмыстар жүріп жатыр. Одан бөлек, Байғанин, Алға аудандарының кей жерлерінде де жарық өшті. Бораннан бірнеше ауылға жету қиындық тудырды. Қатты желден құлаған ағаштар да жағдайды ушықтырып отыр", - дейді Асқар Бектұрғанов.