​Ақтөбеде баламасы жоқ мұз айдыны ашылады

0
2 787

Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бірнеше спорт нысаны ашылады.


​Ақтөбеде баламасы жоқ мұз айдыны ашылады

ERNUR.KZ. Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бірнеше спорт нысаны ашылады. Оның бірі батыс аймақта баламасы жоқ мұз айдыны аренасы. Одан бөлек теннис орталығы да халық игілігіне тапсырылады, деп жазады 24.kz.

Жалпы Ақтөбе өңірінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100-ге жуық жоба бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Балалар футбол ойнап жүрген жабық кешеннің аумағы 8 мың шаршы метр. Мұнда шағын 5 алаң бар. Көп жыл қараусыз қалған өндірістік нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қайта жаңғыртылып, қолданысқа берілді. Жоба құны 300 млн теңге. Бұл жерде жасөспірімдер қыс мезгілінде де футбол ойнай алады. Бір мезгілде 800 бала еркін сыяды.

Әлия Мүрсалимова, спорт және дене шынықтыру басқармасының бас маманы:

- Осы залда жастар командалары арасындағы хоккейден маусымының ашылуы өтеді. Одан бөлек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Батыс-2» шағын ауданында теннис орталығы ашылады. Бұрын қала бойынша тек бір орталық болатын. Енді жасөсіпірмдер тағы бір орталықта үлкен тенниспен айналысады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен мұз айдыны сарайы салынып жатыр. Халықаралық компания Ресей, Чехия, Австрия және Украина елдерінде осындай алып кешен тұрғызған екен. Мұнда хоккей академиясы, мәнерлеп сырғанау мектебі болады. Аренаға бір мезгілде 2500 көрермен кіре алады. Одан бөлек медицина саласында да бұл жоба тиімді іске асып жатыр.

Нұрхан Төлеумұратов, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің орынбасары:

- Офтальмологиялық орталық, жедел-жәрдем станциясы секілді ірі жобалар жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін мұз айдыны,теннис орталығы және тағы басқа нысандар іске қосылады. Бұдан басқа, алдағы жылдары жүзеге асыруды жоспарлап отырған 100 деген жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Дәл қазіргі таңда облыста құны 22 млрд теңге болатын 79 келісім шарт жасалды.