Ақтауда жәндіктерді улаймын деп екі адамды өлтіріп алған әйел сотталды

0
486

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.


Ақтауда жәндіктерді улаймын деп екі адамды өлтіріп алған әйел сотталды

ERNUR.KZ. Ақтау қалалық соты жәндіктерді улаймын деп екі адамды өлтіріп алған әйелдің ісі бойынша үкім шығарды, деп жазады Tengrinews.kz.

Сотының баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған және жәбірленуші тарап прокурордың айыптауымен келіскен.

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрап, соттан бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Ақтау қалалық соты істі ҚР ҚК-нің 304-бабы 3-бөлігі бойынша қараған. Сотталушының қылмыстық әрекеттері сот тергеуінде жан-жақты, толық және объективті түрде зерттелген дәлелдемелермен толық негізделуіне және қылмыстық әрекеттің ауыр қылмыстар санатына жататынына байланысты айыптау үкімі қабылданды, делінген сот хабарламасында.

"Сот үкімімен айыпталушы Е-ге 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеу жазасы тағайындалды", - делінген сот үкімінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, биыл ақпанда Ақтау тұрғыны пайдалануға тыйым салынған "Квикфос" улы препаратымен үйіне дезинфекция жасап, ол туралы көршілеріне алдын ала ескертпегені хабарланған болатын. Нәтижесінде улы иіс көрші пәтерлерге таралып, одан бір үйде тұратын он айлық сәби мен оның анасы уланып қайтыс болды. Бірнеше тұрғын жансақтау бөліміне түскен.