Ақтауда теңіз жағасындағы жартастың бір бөлігі опырылып түсті (видео)

0
312

Әлеуметтік желіде аталған жағдайдың видеосы тарады.


Ақтауда теңіз жағасындағы жартастың бір бөлігі опырылып түсті (видео)

ERNUR.KZ. Ақтауда Каспий теңізі жағалауындағы жаяу жүргіншілерге арналған соқпақ жолдың бойындағы жартастың жоғары бөлігі құлады. Оқыстан болған оқиғағадан ешкім зардап шекпеген, деп жазады inform.kz.

Әлеуметтік желіде аталған жағдайдың видеосы тарады.

Онда жартастың жоғары бөлігінің едәуір бөлігі опырылып, жолға құлағаны анық көрінеді.

Бұған қатысты Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығы пікір білдіріп, жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін айтты.

«2023 жылдың желтоқсан айында жартас етегіндегі соқпақ жолдар бойынша конкурс жарияланған еді. Бірақ ішкі мемлекеттік аудит тарапынан қарсылық болған соң аталған конкурс уақытша тоқтатылды. Жоспар бойынша алдағы айда ашық конкурс жарияланады деп күтіліп отыр. Ақтауды абаттандырумен айналысатын мердігер компания жартастағы соқпақ жолдарды күтіп-баптауға жауапты болмақ. Сонымен бірге, мердігерлер жартастағы жаяу жүргіншілер жолын жарықтандыруға міндеттеледі. Оқыс оқиға болған жер қоршауға алынып, адамдардың өтуіне шектеу қойылды. Сондай-ақ, қауіпті жартасты айналып өтетін жол бар. Алда конкурс аяқталған соң жауапты мердігер қауіпті жартас аумақтарын қоршайды», - деді Ақтау қалалық ТҮКШ бөлім басшысының орынбасары Бақтияр Мақсат.
Ақтау қаласында теңіз жағалауындағы жартас жолы 2017-2018 жылдары салынған.

Өңірде мұнай өндіруші компаниялардың демеушілігімен орнатылған аспалы соқпақ жолдар кейін тұрғындар серуендейтін орынға айналып үлгерді.

Соқпақты жартас пайдалануға берілгелі мұндай оқыс жағдайлар бірнеше рет болған.

Оқиға кезінде зардап шеккендер тіркелген жоқ.