Ақмолада жедел жәрдемді бір тәулік күткен науқас қайтыс болды

0
548

Баймырза ауылында дәрігерлік амбулатория былай тұрсын, ауызсу, байланыс, тіпті, дүкендер де жоқ.


Ақмолада жедел жәрдемді бір тәулік күткен науқас қайтыс болды

ERNUR.KZ. Ақмоланың Баймырза ауылында жедел жәрдемді бір тәулік күткен науқас қайтыс болды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ауыл тұрғындары ең жақын аурухана олардан 70 шақырым жерде екенін айтты. Ауылда су, байланыс, тіпті, дүкендер жоқ. Азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді тұрғындар туыстары арқылы алдырады.

«Дәрігер жоқ, амбулатория жоқ, медициналық көмек көрсететін ешкім жоқ. Аурухана кентімізден 70 шақырым жерде. Жедел жәрдем шақырсақ, бір күн өткен соң келіп тұр. Оларды күтіп отырғанда ауырып жатқан менің сыныптасым қайтыс болды. Ауылда медбике бар, бірақ ол тек өзі білгенше көмек көрсетеді. Дәрі-дәрмектер, дәріханалар жоқ болғандықтан, оның көрсетер көмегі де шамалы», - деді жергілікті тұрғын Шәрбан Ахметова.

Журналистер түсініктеме алу үшін аудандық аурухананың бас дәрігері Сайлаубек Айтмағамбетовке жүгінді.

«Бұл ауылда медициналық пункт бар. Ол алғашқы көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Ал жедел жәрдем аудан орталығында орналасқан. Баймырза ауылынан алыс емес жерде дәрігерлік амбулатория бар. 18 шақырым жерде. Егер шақырту жедел жәрдемге келіп түссе, ол бірден дәрігерлік амбулаторияға жіберіледі, сол жерден бірден аталған ауылға аттанады», - деп түсіндірді ол.

Тікелей эфирде жүргізуші Баймырза ауылының тұрғынын жедел жәрдемді бір тәулік күтіп, ақыры қайтыс болғанын айтып, осы оқиғаның мән жайын түсіндіруді сұрады. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері Айтмағамбетов мұндай жағдайды еске түсіре алмады, артынан, тіпті, «жоқ, ондай болған жоқ» деді.

«Бұл ауылда халыққа қызмет көрсететін бір фельдшер бар. Аудандық емханадан қосымша дәрігерлер бригадасы айына бір рет келіп тұрады. Бірақ қазір карантинге байланысты шыға алмай жүр. (...) Бар болғаны ауылда 390 адам тұрады. Сондықтан, мұнда дәрігерлік амбулатория құру мүмкін емес. Ал жақын маңдағы дәрігерлік амбулатория 18 шақырым жерде орналасқан», - деп қорытындылады Айтмағамбетов.