14 қазан күні Астанада ТМД мемлекеттерінің басшылары кездеседі

0
831

Саммитте соңғы жылдары ТМД желісі бойынша іс-шараларға қатысуды тоқтатқан Украина өкілі болмайды.


14 қазан күні Астанада ТМД мемлекеттерінің басшылары кездеседі

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы төрағалығы шеңберінде 14 қазан күні елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ТМД мемлекеттері басшыларының саммиті өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«ТМД мемлекеттер басшыларының кеңесі – достастықтың жоғары органы, онда ұйым қызметінің негізгі мәселелері талқыланады және шешіледі. ТМД саммиті Қазақстанның осы ұйымға төрағалық етуі аясындағы басты оқиғалардың бірі болмақ. Бұл маңызды шараға пандемиядан кейінгі кезеңде алғаш рет офлайн режимде ТМД құрамындағы бүкіл мемлекеттердің басшылары қатысады», - деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.

Бұл шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары, сондай-ақ атқару комитетінің төрағасы – ТМД атқарушы хатшысы қатысады деп күтіліп отыр.

Саммитте соңғы жылдары ТМД желісі бойынша іс-шараларға қатысуды тоқтатқан Украина өкілі болмайды.

Сондай-ақ, Молдова басшысы жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты қатыса алмайды.

«Іс-шара барысында достастық алаңындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы интеграциялық байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарды қарау және қабылдау жоспарлануда. Атап айтқанда, қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мақсатында мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың кезекті бағдарламасын бекітеді», - деді А. Смадияров.

Интеграциялық өзара іс-қимылдағы мәдени құрамдас бөліктің ерекше рөлі тұрғысынан мемлекет басшылары Қазақстан бастамасы бойынша мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдеме қабылдауды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, сайлау органдарының желісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимылды көздейтін бірқатар халықаралық шарттарға қол қойылады.

«Сонымен қатар, саммитте 2023 жылы ТМД-ға төрағалық етуді Қырғыз Республикасына тапсыру және Бішкек қаласында мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысын өткізу туралы шешім қабылдау жоспарлануда. Мемлекет басшысы еліміздің ТМД-ға төрағалығын қорытындылайды деп күтілуде», - деді ресми өкіл.