Шымкентте робот құрастыру орталықтары көбейіп жатыр

0
4 506

Бүгінде робот құрастыру – баланың ақыл-ойын дамытудың бір әдісі ретінде кей мектептерге міндетті пән ретінде енгізіліп жатыр. Сонымен қатар, бұл – бизнестің бір түрі. Жаңа түрі. Шымкентте де робот құрастыруды үйрететін орталықтар көбейіп жатыр. Тіпті, оның біреуі мемлекеттің қаражатымен ашылған.


Шымкентте робот құрастыру орталықтары көбейіп жатыр

Бүгінде робот құрастыру – баланың ақыл-ойын дамытудың бір әдісі ретінде кей мектептерге міндетті пән ретінде енгізіліп жатыр. Сонымен қатар, бұл – бизнестің бір түрі. Жаңа түрі. Шымкентте де робот құрастыруды үйрететін орталықтар көбейіп жатыр. Тіпті, оның біреуі мемлекеттің қаражатымен ашылған. Біз Шымкент қаласындағы осындай үш орталықты шолып, бір-бірінен несімен ерекшеленетінін анықтадық.

ROBOTECH орталығының ашылғанына 2 жылға жуықтады. Балаларға бағдарламалау, құрастыру, модельдеу, өз қолымен робот жасауды үйретеді. Lego Mindstorms EV3 және Lego Wedo негізінде жұмыс істейді. 5-14 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Бір ерекшелігі – балалар жас ерекшелігіне байланысты екі топқа бөлініп, кішкентайлар жеңілдеу бағдарлама, ал ересектер күрделі бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Оқу ақысы – айына 8 000-30 000 тг аралығында. Әр балаға жеке қызмет көрсетіледі.

SKILLPRO робот құрастыру ортылығы өткен қарашада ғана жұмысын бастады. Электротехника, 3D модельдеу және бағдарламалауды меңгеруге мүмкіндік береді. Оқу ақысы – айына 10-15 мың теңге.

Жоба авторы Саодат Естиярова әу баста Назарбаев университетіне робот техникасы факультетінде оқыған. Өткен жылы ол инновациялық жобалар байқауы туралы естиді. Сосын арнайы бизнес-жоспар жасап, мемлекеттік грантқа ұсынды. Өткен жылы жазда Саодат Естиярова осы жобасы арқылы 3 млн теңгені жеңіп алды.

«Басында 10 баланы алып, жұмысты бастадық. Сосын мектептің ішінде үйірме ретінде жұмыс істегім келді. Қазір Шымкент қаласындағы №23 мектепте үйірмеміз бар, одан бөлек орталықта да дәріс өткізіледі. Сұраныс болмай қала ма деп уайымдағанбыз, бірақ қызығушылық өте жақсы. Қазір 35 оқушымыз бар. Әр топта – 5 оқушыдан оқиды. Бизнес жоба ретінде өзін сәтті ақтап жатыр. Табыс жаман емес».

«Неге Шымкентте бұрыннан бар жоба мемлекеттік грантқа ие болды?» деген сауалға С. Естиярова былай деп жауап берді:

«Мұндағы орталықтардың барлығы Lego негізінде жұмыс істейді, ал біз одан күрделірек Arduino скиллбокстерін таңдадық».

ROBO PARK

Орталықтың негізін қалаған – жас кәсіпкер Абзал Әлібеков. Мұндағы оқу ақысы айына 5000 теңгеден басталады. 4-17 жас аралығындағы барлық талапкерге робот құрастыру мен бағдарламалауды үйретеді. Өз қаржысымен жұмыс істейді. Бүгінде 60-қа жуық бала осында робот құрастырып үйреніп жатыр.

«Жалпы келешекте кәсібімді кеңейтіп, одан бөлек қоғамдық бірлестік немесе ұйым ашып, қоғамдық негізде жұмыс істегім келеді. Себебі бұл саланы дамыту үшін әлі көп күш салу керек. Робот құрастыру бойынша олимпиадалар, байқаулар ұйымдастырып, халық ішінде кеңінен тарату қажет» дейді Абзал.

Артықшылығы – мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға үйірмеге қатысу тегін.