Шетелдік көліктерді ТІРКЕУ МЕРЗІМІ ҰЗАРА МА?

0
3 307

Құзіретті органдар қандай шара қолданғалы отыр?


Шетелдік көліктерді ТІРКЕУ МЕРЗІМІ ҰЗАРА МА?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды істердің бірі – шетелден әкелінген көліктерді Қазақстан Республикасына тіркеп, Отандық нөмір беру. Бұл науқанның техникалық сапасы жоғары әрі бағасы қолжетімді көлік іздегендер үшін пайдасы мол болғаны сөзсіз. Алайда, кейбір көлік иелері 1 шілдеге дейін көліктерін тіркеп үлгермейтіндерін жеткізіп, белгіленген мерзімді ұзартуды сұрап отыр.


Осы орайда, мамыр айының басында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы шетелде тіркелген көліктерді заңдастыру уақытын ұзартуды ұсынған. Сонымен қатар, партия өкілдері ел аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін кірген 80 мыңға жуық көліктің тағдыры жайында да сөз қозғады. Одан бөлек, азаматтарымыздың әлі күнге дейін көрші елдерден көліктерді кіргізіп жатқаны тағы да үлкен мәселеге соқтыруы мүмкін деп топшылап отыр.

Бұл тұрғыда бірер күн бұрын ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеме жасады. Оның сөзіне сүйенсек, 16 маусымға дейін елімізде 161 мың шетелдік автокөлік заңдастырылса, тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтіп тұр. Сонымен бірге, 22 мамырдан бастап 7 мыңға жуық автокөлік-конструктор қазақстандық есепке қойылған. Ал, «1 шілдеге дейін көліктерді заңдастырып үлгермейміз» - деп алаңдап отырған азаматтар аталған мерзімге дейін өтінім беріп үлгерсе, көліктерін 1 шілдеден кейін заңдастыру құқығына ие болмақ. Одан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмай, сол себепті толық заңдастырылмаған көліктер ел аумағында 5 жыл мерзімге уақытша есепке қойылады.


Сондай-ақ, Қайсар Әбілекұлы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылып, тиісінше кешіккендер үшін заңдастыру мерзімі ұзартылмайтынын ескертті. Қазақстан Республикасындағы заң талаптарын бұзып, шетелдік есепте тұрған автокөліктерді пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданатын болады.


Шетелдік көліктерді тіркеу тақырыбына қатысты тағы бір мәселе – Еуроодаққа кірмейтін елдерден әкелінген темір тұлпарларды рәсімдеуге кететін шығын. Мәселен, Грузиядан көлік тасымалдап жүрген азаматтардың айтуынша, көлемі 2-3 кубты құрайтын автомобильдерді елімізге тіркеудің өзіне 3,5 миллион теңге шамасында қаражат қажет екен. Көлемі одан үлкендеріне кететін шығын 5 миллион теңгеге жуықтайды. Тіпті, су жаңа техникаларды рәсімдеудің өзіне 1 миллион теңгедей ақша жұмсайсыз.

Енді, өңірдегі жағдайға тоқталсақ. 23 қаңтардан қазіргі уақытқа дейін 17 мыңнан астам түркістандық шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша өтініш берген. Оның барлық талапқа сай келген 11 мыңға жуығы толық тексеруден өтіп, қазақстандық нөмір тағынған. Аталған көлік құралдарының 9538-і Ресей Федерациясының техникасы болса, 896-сы Арменияға, қалғаны Қырғызстанға тиесілі.


Сонымен, соңғы жаңалықтардан ұққанымыз – шетелдік көлігін рәсімдегісі келген, бірақ әлі тіркеу жасап үлгермеген азаматтар 1 шілдеге дейін тым болмағанда өтініш беріп қоюы қажет. Сонда ғана аталған мерзімнен кейін тіркетуге мүмкіндік алады. Оған дейін не тіркемей, не өтініш бермегендер қазақстандық нөмірден әзірге үміттенбей-ақ қойса да болады. Ал, ел аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін кіргізілген шетелдік көліктердің келешегі қалай болатыны әзірге беймәлім.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


Күн ыстықта көлік жүргізген адам МЫНАЛАРДЫ БІЛУІ КЕРЕК


Электромобильдің қалай ТАНЫМАЛ БОЛУЫНЫҢ 6 себебі