ЩЕТКА, МАЙ, РАДИАТОР, ТЕЖЕГІШ... Көктемде мына процедураларды МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ІСТЕУ КЕРЕК

0
787

Қыс аяқталғаннан кейін көлікке жасалуы керек процедуралар туралы біле жүріңіз.


ЩЕТКА, МАЙ, РАДИАТОР, ТЕЖЕГІШ... Көктемде мына процедураларды МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ІСТЕУ КЕРЕК

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көктем келіп, қысқы қалың киімдер мен етіктерді сандыққа салып жатқанда, көлігі барлар темір тұлпарларын да көктемге дайындайды. Бірақ, көпшілігі қысқы резеңкені жазғы резеңкеге ауыстырумен ғана шектеледі. Ал, көлікті мұқият жуып шығу, салонды құрғақ тәсілмен тазалаумен сынды процедуралар ескерілмей қалады.

Жалпы, көктем шыға сала жасалуы тиіс процедуралардың тізімі әлдеқайда кең және олардың көпшілігі жүргізушінің қолынан келеді. Яғни, жұмыстардың басым бөлігін өз қолыңызбен істеп, шығындарды азайтуға болады.


Шиналарды ауыстырыңыз

Көшедегі температура орташа деңгейге жетіп, қар еріп, аяз кеткен кезде, дәлірек айтсақ ауа температурасы +5°C шамасында тұрақталғанда жазғы шиналарды қолдана беруге болады. Тиісінше, таңертеңгі және кешкі температура минусқа түспейтін, ал күндіз +10°C-қа дейін қызатын кезде жаздық шинамен жүру қауіпсіз болып саналады. Мұндай жағдай әдетте Оңтүстік өңірлерде наурыздың орта белінен асқанда, ал суық аймақтарда сәуір немесе мамыр айларында қалыптасады. Яғни, әр өңір тұрғындары жергілікті климатты ескергені абзал.


Доңғалақтың желін тексеру

Автокөліктің дөңгелектері мен суспензиялары үшін тым төмен және тым жоғары ауа қысымы зиянды. Сондықтан сарапшылар дөңгелектіңжелін ұзақ сапар алдында міндетті түрде өлшеуге кеңес береді. Жол қозғалысы ережелері де соны талап етеді. Белгілі бір өлшемдегі шиналардағы қысым қандай болуы керектігі автомобильге арналған нұсқаулықта, сондай-ақ есіктегі немесе бензин багының люкіндегі жапсырмаларда көрсетілген. Сонымен қатар, маусымдық шинаны ауыстырған кезде оның жай-күйін, зақымдардың бар не жоқ екенін, емізіктердің дұрыс жұмыс істеп тұрғандығын тексеру керек.


Терезе тазалағыш щеткаларды тексеріңіз

Өздеріңіз білетіндей, автомобиль терезесін тазалағыштар орта есеппен бір жарым жылға жарайды. Қыстағы мұз, төмен температура мен реагенттердің әсерінен одан да тез тозуы мүмкін. Сондықтан, көктемде олар әйнекте із немесе қалдырып, тіпті жаңбыр жауған кезде міндеттерін орындай алмай жатады. Бұл жағдайда тазалағыштарды жаңалап қойған дұрыс.


Қозғалтқыштағы майды тексеріңіз

Көліктегі қозғалтқыш майын ауыстыру уақыты әлі келмесе де, көктемде оның деңгейін және сапасын тексеру керек. Жетіспеушілік орын алса, қажетті деңгейге дейін толықтырыңыз. Сондай-ақ, майдың түсі мен мөлдірлігіне назар аударған жөн. Майдың қалыпты түсі қоңыр-сары. Егер ол қара және кір көп болса, май сүзгісімен бірге ауыстыру туралы ойлану керек.


Сүзгілерді жаңарту

Ауа сүзгісі – қозғалтқыштың өкпесі. Қыста оған тұз бөлшектері, жолдағы реагенттер, сондай-ақ кір толып қалуы мүмкін. Сондықтан мұны ауыстыру қозғалтқыштың тыныс алуын жеңілдетеді, тиісінше көлік қуаттырақ жүреді, тіпті жанармай үнемдейді. Салон сүзгісі – көлік ішіндегі таза ауаның және сәйкесінше жүргізуші мен жолаушылардың денсаулығының кепілі. Ластанған кезде ол таза ауаны нашар өткізеді, сонымен қатар ылғалды ауа-райында әйнектің жиі тұмандануына әкелуі мүмкін. Оның күйін кейде тексеруге тұрарлық.


Құбырлар мен ремендерді тексеріңіз

Ыстық жазда қозғалтқыш салқындату жүйесінсіз қалмауы үшін және машина суы жолдың ортасында қайнап кетпеуі үшін антифриз радиаторға түсетін және одан шығарылатын құбырлардың күйін тексеру керек. Олар бүтін, және мықтап бекітілген болуы керек. Жарықтар, тозу және сыну белгілері болмағаны абзал. Сондай-ақ, желдеткіштің және қозғалтқыштың басқа да қондырмаларының істен шығуын болдырмау үшін ремендердің күйін тексеру қажет. Егер олар жарылған, ескірген немесе қабыршақтанған болса, оларды дұрыстаум немесе жаңарту керек.


Радиатор

Салқындату радиаторының бүтіндігі қозғалтқыш үшін де маңызды. Ал, ол ауладан шыққан кезде қар үйінділерінен, тордан өтіп ұшып келген тастан немесе коррозиядан зақымдануы мүмкін. Мұны машинаның астына түсіп, визуалды тексеру арқылы да, кеңейту цистернасындағы салқындатқыш деңгейі бойынша да тексеруге болады.


Тежегіштерді тексеріңіз

Бұл жүргізушінің, жолаушылардың және басқа да қозғалыс мүшелерінің қауіпсіздігіне жауап беретін автомобильдің ең негізгі жүйесі. Қыста тежегіш дискілері мен жастықшалары тозбағанына көз жеткізген жөн. Егер тозса, ауыстыру керек. Бұл жүйенің жұмысын тексеру өте оңай. Автосервиске баруға немесе тежегіш педальін түбіне дейін басып көруге болады.


Аккумуляторды тазалаңыз

Қатты суық немесе жылу батареяның қызмет ету мерзіміне әсер етуі мүмкін. Сондықтан сарапшылар сымдарды ажыратып қойып, терминалдарды сүрту арқылы аккумуляторды таза ұстауды ұсынады. Сонымен қатар, оның берік және дұрыс орнатылғанын тексеруге керек. Автокөлік аккумуляторы орташа есеппен бес жыл қызмет етуі мүмкін. Бірақ, түрлі факторларға байланысты бұл мерзім қысқара береді. Егер, аккумуляторда қандай да бір ақау болса, қозғалтқыштың іске қосылу уақыты ұзарады, корпусы ісінеді немесе құрылғыдағы ақаулық туралы ескерту шамы жанады. Сондай-ақ, қатты қызу, нашар зарядталу, борттық электриктің істен шығуы, фарлардың күңгірттенуі, кондиционер мен радио ажыратқыштардың дұрыс жұмыс істемеуі байқалса, аккумуляторды мамандарға көрсетіп, ауыстырған жөн.


Кондиционерді тексеріңіз

Күн қызған кезде ыстықтан зардап шекпеу үшін кондиционердің дұрыс жұмыс істеп тұрғанына алдын-ала көз жеткізу керек. Егер ол салондағы ауа температурасын 10°C-тан төмен ұстай алмаса, онда жағдай жақсы емес деген сөз. Көбіне кондиционер жұмысының нашарлауына салқындатқыш сұйықтықтың түтік қосылыстары арқылы ағып кетуі, олардың коррозиясы немесе зақымдануы себеп болады екен. Жалпы, кондиционер күрделі механизм. Сондықтан оны жөндеу қолыңыздан келмесе, мамандарға жүгінген дұрыс.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


КӨКТЕМ, ЖАЗ, КҮЗ, ҚЫС: Көлікті ҚАЙ КЕЗДЕ, ҚАЛАЙ күтіп-баптау керек?


Көктемде көлікке күтім жасаудың 5 ЕРЕЖЕСІ