Цифрлық аутизм: Смартфонға жіпсіз байланудың салдары

0
5 720

Отандық мамандар да бұл мәселені айтып дабыл қағуда.


Цифрлық аутизм: Смартфонға жіпсіз байланудың салдары

Балжан Смаилова, Inbusiness.kz

Виртуалды аутизм терминін алғаш рет 2018 жылы румын психологы Мариус Замфир қолданды. Шетелдік маман ата-аналар өз балаларын виртуалды ортада 5 сағаттан артық қалдырса, мұндай жағдайдың басым бөлігінде балаларда психомоторлық дамудың кешігуі, тілінің кеш шығуы, мінез-құлықтың бұзылуы және аутизмге ұқсас белгілердің пайда болатынын мәлімдеді.

Ғалымдар виртуалды немесе цифрлық аутизмнің пайда болу процесіне қазір ғана назар аударып отырған жоқ. Мәселен, 2008 жылы Америкалық педиатрия академиясы ата-аналарға 2 жасқа дейінгі балаларға теледидар мен компьютерді көруін толығымен шектеуді ұсынған болатын. Өз кезегінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларға күніне бір сағат жеткілікті екенін, 6-12 жастағы балаларға телефонды тәулігіне 2 сағаттан артық беруге болмайтынын айтқан.

Сарапшылар кішкентай балалардың смартфондар мен гаджеттерді күн сайын төрт немесе одан да көп сағат пайдаланудың қауіпті екенін ескертеді. Олар цифрлық аутизмді XXI ғасырдың пандемиясы деп отыр.

Отандық мамандар да бұл мәселені айтып дабыл қағуда. Смартфонға жіпсіз байлану балалар денсаулығына қалай әсер етеді, өскелең ұрпақ үшін қандай қауіп-қатері бар – осы сұрақтарды психолог, психотерапевт Самал Самарқанқызына қойдық.

– Жалпы цифрлық аутизмнің классикалық аутизмнен айырмашылығы қандай?

– Кәдімгі аутизмге келетін болсақ, бұл биологиялық жағынан бұзылыс деп айтсақ болады. Мидың, жүйке жүйесінің бұзылуы, ол генетикалық тұрғыдан беріледі. Оның толыққанды емі әлі шыққан жоқ. Ал цифрлық аутизм дегеніміз – психологиялық мәселе. Балалардың да, ересектердің де психикасы адамдармен ұзақ байланысты көтере алмай жатады. Мұнда айырмашылығынан гөрі, ұқсас жақтары өте көп. Аутист балаларға сөйлеп жатсаң, олар саған қарамайды, назар аудармайды, ешқандай реакциялары жоқ.

Біз ақпаратты мимен қабылдаймыз. Қандай да бір бейнежазба не фильм көргенде, кітап немесе постарды оқып отырған кезде миымыз қабылдау режимінде тұрады. Ақпаратты көп қабылдай бергенімізбен, ойлану режимі мүлдем бөлек болады. Яғни біреуі қосылса, екіншісі өшіп тұрады. Ал адамға ойлану қажет болған кезде оған ақпарат қабылдауды тоқтату керек. Бұл өте маңызды дүние. Бұл адамның психикасында болатын құбылыстар. Осыны қарапайым тілмен халыққа жеткізіп жатқандар аз. Адам "ақпарат қабылдап отырмын, посттарды оқып отырмын, ойланып отырмын" деп ойлауы мүмкін. Бұл – иллюзия. Ақпаратты қабылдау және ойлану режимдері кезек-кезек жұмыс істеп тұруы тиіс. Мәселен, адам үнемі кітап оқып отыра бермейді, оқыған дүниесін қорытуы керек дегендей. Ақпаратты қабылдау режимінің шамадан тыс жұмыс істеуі салдарынан цифрлық аутизм деген дүниелер шығып жатыр. "Цифрлық тәуелділік" кітабын жазған кезде осы мәселені көтердім. Қазір адамдар ақпаратты ойланбастан қабылдай береді, соған тәуелді болып қалып жатыр. Шыны керек, көп адамның балаларға телефонды өзінің жан тыныштығы үшін беріп қоятынын білеміз.

– Цифрлық аутизм балаларда неше жасынан бастап дамиды және оның қандай белгілері бар?

– Әр түрлі жастан бастап дамиды. Негізі балаларға кішкентай кезінен телефон беру өте қауіпті. 1 жас пен 4 жас аралығында ақырын дами беруі мүмкін. Америкалық психологтардың жасаған эксперименттеріне назар аударсақ, үш немесе төрт жасар балалардың күніне телевизордан алатын ақпарат қысымы мен университетте алатын ақпараттың қысымы бірдей болып шыққан. Бұл – миға деген өте үлкен жүктеме.

– Балалар телефонды күніне қанша уақыт көргені жөн?

– Негізі бір сағат жеткілікті. Кішкентай балалар болса, жарты сағат немесе 40 минут жетеді. Ата-аналар үлгі болып, өздерінен бастаса екен. Олар да шынайы әлемнің қиындығынан қашып, демалайын деп интернет көргендей болады. Бірақ телефон энергияны жұтып, бүкіл кіш-жігерді сарқылтады.

– Цифрлық аутизм кезінде баланың бойында қандай өзгерістер болуы мүмкін? Ата-аналар қандай жайттарға мән беру керек?

– Мұндай балалар жанындағы адамдардан эмоционалды жағынан алшақтай бастайды, айналасына мән бермейді. Қарым-қатынаста көптеген түсініспеушіліктер болып, сабағы нашарлауы мүмкін. Бұл көзге түсетін дүние. Мысалы, адамдар кездесу барысында көп сөйлесе алмай, бірден телефонға телміреді. Мұны "цифрлық эпидемия" деп айтсақ болады.

– Сөз басында балалардың телефонда отыру уақытын шектеу керек деп айтып қалдыңыз. Пайдалы контент болған жағдайда да шектеген жөн бе?

– Пайдалы контентті қабылдасын, бірақ уақыт жағынан шектеген жөн. Өйткені оны қорытып, түсінуі үшін балада ойлану режимі қосылуы керек. Адам ақпаратты тұтынумен ғана шектелмеуі керек. Психикадағы бүкіл когнитивті қарым-қабілеттеріміз дұрыс жұмыс істеуі тиіс.

– Цифрлық аутизм ресми түрде тіркелмеген, яғни оның коды жоқ. Алдағы уақытта ол ресми диагнозға айналуы мүмкін бе?

– Менің ойымша, әбден мүмкін. Себебі тәуелді болып қалған адамдар өте көп. Бұл тәуелділіктің де өз салдары болады. Қазір біздің мүмкіндігіміз бар – ақпаратты азайтып, жақсы дағдыларды қалыптастыру. Ақпарат тасқынын еңсеріп үйренуіміз керек. Бұл ауру түрі болып бекітілмесе де, стресс сияқты адамның хал-ахуалы. Ол балаларға да, ересектерге де тән.

– Баланы телефонға деген тәуелділіктен қалай құтқаруға болады?

– Бұл – өте үлкен кешенді сұрақ. Ең әуелі қарым-қатынас мәселесін түзеу керек. Кейбір ата-аналардың балалар алдындағы авторитеті жоқ. Үйде телефонға арналған бір бұрыш жасап қойып, дастархан басында телефон қолданбау секілді жаңа дәстүрлер енгізуге болады. Адамдар қандай да бір қиын жағдайға түскен жағдайда инстинктивті түрде проблемадан қашқысы келіп тұрады. Шынайы өмірден қашудың ең оңай жолы виртуалды әлем болып тұр. Шынайы өмірдегі мәселелерді реттеп, қарым-қатынасты түзеу қажет. Ең үлкен проблема адамдардың цифрлық тәуелділік, цифрлық аутизмді проблема ретінде көрмеуінде.

– Цифрлық аутизмнің "емі" бар ма?

– Оның емі бар деп ойлаймын. Оған психотерапиялық жұмыстар, маманмен бірге жүргізілетін жұмыстар жатады. Балада цифрлық аутизм пайда болып жатса, оның әр жағында отбасылық мәселе де жатыр деген сөз. Сол үшін отбасылық терапия деген дүниелер бар. Үйдегі атмосфера қандай, бала неге виртуалды әлемге қашады – мұны психологтармен жұмыс істеу арқылы анықтау қажет.

– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!