Өзбекстанда 70-тен астам бала уланған

0
598

Олардың неден уланғаны белгісіз. Әлеуметтік желілерде йод препараты деген нұсқа айтылады.


Өзбекстанда 70-тен астам бала уланған

ERNUR.KZ. Наманган облысының Чустский ауданындағы 9 балабақша мен 2 мектептің тәрбиеленушілері — 70-тен астам бала уланып, ауруханаларға түсті, деп жазады Inbusiness.kz.

Наманган облысының Чустский ауданында балалар жаппай уланды. Бұл туралы алдымен әлеуметтік желі қолданушылары хабарлай бастады. Ата-аналар балаларға йод препараты берілгенін айтады (осы аптадан бастап Өзбекстанда апта сайынғы балаларды йодтау бағдарламасы іске қосылды).

Namanganliklar.uz Telegram-арнасы облыстық денсаулық сақтау басқармасының 21 қыркүйекте сағат 16:00-ден бастап аудандық медициналық бірлестікке 71 бала келіп түскені туралы мәлімдемесін жариялады. Балалардың дене температурасы көтеріліп, кейбіреулерінің іші ауырған, диарея мен құсу сияқты симптомдары болды.

Басқарма жедел түрде жұмыс тобын құрып, тергеуді бастады. Тоғыз баланың жағдайы жақсарып, үйге жіберілді, қалған балалар бақылауда. Реанимацияға түскен ешкім жоқ.

Оқушылардың неден уланғаны анықталмаған. Басқарма хабарламасында йод препаратымен улану нұсқасы тексеріліп жатқандығы айтылған. Балаларға антиструмин мен йодомарин берілді (бірінші препарат 12 жасқа дейінгі балаларға арналған).