Қырғызстанда сел салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр

0
193

Бұған дейін Қырғызстанның үш облысында сел салдарынан төтенше жағдай енгізілгені хабарланған болатын.


Қырғызстанда сел салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр

ERNUR.KZ. Қырғызстанда Ош, Баткен, Жалал-Абад, Талас және Шу облыстарында нөсер жауынаннан кейінгі сел салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр, деп жазады inform.kz.

Қырғызстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 24 сәуір күні сағат 00:20 шамасында толассыз жауған жаңбырдан кейін Созақ ауданы Қызыл-Туу ауылдық әкімшілігіне қарасты Таштак, Қызыл-Сеңгір, Бостон ауылдарында 150 тұрғын үй, 3 әлеуметтік нысан, 1 көпір, аулалар және 50 га егістік жерді су басып қалды.

Толассыз жауған жаңбырдан кейін Базар-Қоргон, Ақсы, Ала-Бұқа, Ташкөмір қалаларында сел тіркеліп, нәтижесінде ішкі жолдар мен тұрғын үйлердің аулаларын су басқаны аталып өтті. Қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жергілікті жерлерде белсенді жұмыс істеуде.

Қазіргі уақытта тасқыннан зардап шеккен жергілікті тұрғындардың үйлеріндегі су мотопомпалар арқылы сорылып жатыр. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Тасқын суға түскен мал мен құстың өлекселері өртеліп, ауылдарда дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы инженерлік техникасы жеткізіліп, тасқын арналарын тазалау жұмыстары басталды.

Сондай-ақ, бір күн бұрын Шу облысының кейбір таулы аймақтарында сел болғаны хабарланды. Шу ауданы, Өңбір-Жылға ауылындағы Қарағұл шатқалында су тасқыны болды. Тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты.

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Бурана ауылдық округінде Бурана өзені арнасынан асып кетті. Осы уақытқа дейін Жаңа-Жол және Ақ-Бешім ауылдарында бірнеше рет суару арықтары тазартылып, көпірдің айналасы ретке келтірілді. Су тасқынының салдарын жоюға жергілікті билік пен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жұмылдырылған.

Бұған дейін Қырғызстанның үш облысында сел салдарынан төтенше жағдай енгізілгені хабарланған болатын. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға тиісті көмек көрсетуді тапсырды.