"Есімізді енді жиып жатырмыз" – Түркиядағы отандасымыз жер сілкінісі туралы

0
655

Эгей аймағындағы табиғи апаттан 20 адам қайтыс болды.


ERNUR.KZ. Түркияда болған жер сілкінісінен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Еліміздің сыртқы істер министрлігі осындай ақпарат таратты. Ал Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі көмек қажет азаматтарымыз болған жағдайда хабарласуға болатын байланыс номерлерін жариялады, деп хабарлайды Хабар24.

Соңғы мәліметке сәйкес, Эгей аймағындағы табиғи апаттан 20 адам қайтыс болды. Тағы 800-ге жуығы жарақат алған. Дүмпудің күші 6,6 балға жетіп, 30 секундқа ұласқан.

Елдің ішкі істер министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, Измирдің Байраклы және Борнова аудандарында кемі 20-дан астам тұрғын үй жермен жексен болған. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Мұнан бөлек жүздеген тұрғын үй мен мекемеге зақым келген. Зілзала болған ғимараттардың жанында тұрған көліктер үйінді астында қалды. Мамандар 6 балдан жоғарғы жер сілкінісінен кейін тағы да 5 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін деп ескертті. Сондықтан азаматтарды біраз уақыт тыста болуға шақырып отыр.

Айта кетерлігі, Измир Түркияның үшінші ірі қаласы. Бұл шаһарда қазақстандық азаматтар да бар. Аймақтағы жағдай жайлы жерлесіміз Әсел Хайролламен тілдесіп көрдік.


- Есімізді енді жиып жатырмыз. Өте қатты болды. Орталығы Измирдің қасындағы Сеферихисар ауданы дейді. 6,6 балл болыпты. Осындағы қазақстандық студенттер бір-бірімізден қал-жағдайымызды біліп жатырмыз. Әйтеуір бәрі шүкір, аман-есен. Кейбіреулері кітапханада болған, кейбіреулері жатақханаларында болған. Көбі бірден далаға қарай жүгірген. Қазірше мен танитын адамдар арасында зақым алып, зардап шеккендер жоқ, - дейді студент Әсел Хайролла.


- Поштаға барған едім. Сыртқа жүгіріп шықтым. Мұндай жағдайға алғаш рет тап болып отырмын. Қасымыздағы ғимараттарға зақым келді, - деді жергілікті тұрғын Хасан Йешилюрт.