​«Баласымен соттасып, үйінен кетуге мәжбүр болған»: шымкенттік әйел куә болған оқиғаны баяндап берді

0
4 129

«Бос жатқан жерді қарындасынан қызғанды»


​«Баласымен соттасып, үйінен кетуге мәжбүр болған»: шымкенттік әйел куә болған оқиғаны баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ата-анасын ұрған талайды көрдік, бірақ арбаға байлап сабағанды алғаш көруім» демекші, ертеректе болған бір оқиға есімнен еш кетпейді. «Сол қария қайда екен, әлі тірі ме екен» деп көп ойланам. Аз уақыт таныс болсақ та жүрегі жұмсақ, көзінде мейірімі бар кісі еді. Бәлкім менің бұл жазбамды ұл-қыздары оқып, өздерін танитын шығар», - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Ботакөз есімді әйел.


Шымкенттік оқырман осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуіне ілесіп Алматыға барған екен. Сонда көрген жағдайды тілшімізге айтып берді.


«Сол заманада оңтүстіктен талай адам құрылыс жағалап, бала-шағасын үлкендерге қалдырып, Астана, Алматыға аттанып еді ғой. Ауылда тұрақты жұмыс жоқ, бір зейнетақы қайсымызға жетсін, сосын екі баланы ата-енемізге қалдырып, біз де құрылысқа аттандық. «Астанасы құрысын, суық» деп қорқытып қойған соң Алматыны бетке алдық.


Бара сала тұратын пәтер іздейтініміз рас қой. «Арзандау болады, времянка қарастырайық» деп күйеуім қала маңындағы жер үйлерді шарлап шықты. Сөйтіп бір қарияның есігінің алдынан соғылған екі бөлмелі «времянкамен» келісіп келіпті. Екі күннен соң әлгі үйге көшіп бардық.


Жері үлкен, үйінің жанында тағы екі үй саларлықтай бауы бар, даңғарадай үй екен. «Әкемнен қалған жер, өзім салғам» деп қария жан-жағын аралатып, таныстырып шықты. «Мұнда балам, келінім, екі немереммен бірге тұрамыз. Балалар мектепте, әке-шешелері жұмыста. Таңнан кешке дейін бауымды ермек етіп жүремін» деп сампылдап сөйлеп, бізді қоныстандырды. Дереу дастарханымды жайып, барыммен шай бердім. Ашық-жарқын, ішіндегісін ірікпей айта салатын, жүзі жылы адаммен көрші болғанымызға қуанып қалдым.


Сол үйде бір жылдай тұрдық. Бірақ бірде-бір рет қарияның не келіні, не баласы жүзін жылытып сәлемдеспеді. «Қоя берші, қожайындар ғой» деп үлкен басыммен бірінші сәлемдесем. Ал олар ернін жыбырлатып, алдымнан алшаң басыпөте шығады.«Ойпырмай, пейілдеріне не көрінген» деп күйеуіме ашуланып сөйлеп алушы едім. Біздің Шымкент жақта көршің туысыңнан артық адам боп кетеді ғой. Тегі солардың сондай мінезіне үйрене алмадым.


Әлгі қарияның жалғыз ұлы есік алдына шығып, бір тірліктің басын шалмайтын. Керісінше, әкесіне оны-мұны әкеп беріп, «жақсылап істеп қойыңыз» деп тапсырма беріп кетеді. Кейде біздің де жұмыста үзіліс боп, бастықтар келесі нысанға тапсырыс алғанша үйде жатып қаламыз. Ондайда қарияға менің күйеуім жәрдем береді. Екеуі жақсы тіл табысып алған.


Бір күні дүкеннен нан әкелуге шығып бара жатыр едім, «Қызым, Мықтыбек үйде ме?» деп сұрады. Мен келгенше екеуі әңгімелесіпті. «Қарияға обал бопты. Баласымен соттасайын деп жатыр екен» деп күйеуім әңгіменің шет жағасын айтып берді.

Сөйтсек, бұл кісінің пәтерден пәтерге көшіп жүрген бір қызы бар екен. Шиеттей бала-шағасы бар көрінеді. Сол қызы көпбалалы ана ретінде әрі қарауында бірінші топтағы мүгедек әкесі бар деп мемлекеттен тегін баспана ала қалатын боп, әкесіне қолқа салған. Аңқылдаған ақкөңіл атай атындағы үйін баласына аударып беріп, өзі қызының жалдамалы пәтеріне тіркеуге тұрған. Сөйтсе де ол қызы үй ала алмаған-ау. Әлі көшіп-қонып жүр екен. Енді қария ұлына «Мына үй бізге үлкендік қылып жатыр, сатып, қарындасыңа бір пәтер әперейік, болмаса мына бос тұрған жерді күйеубала екеуіне берейік. Өздері үй тұрғызып алсын» деген-ау, түсінгенім. Ал баласы оған көнбеген.


«Үй менікі, оны өз күшіммен тұрғызғам. Керек болса соттасып, өзіме алам» деп ашуланып, баласының үстінен сотқа арыз тастаған. Сөйтіп ол кісі көршілерден қолхат жинап, өзі туралы мінездеме алып, шапқылап жүретін. Бірақ оның ешбірінің пайдасы тимепті.


Аңқау атай баласына үйді сыйға беру тәртібімен өткізген екен. Нотариусте өзінің қолы тұр. Ақыл-есі бүтін адамның өз еркімен үйді аударып бергеніне сот та имандай сенген болса керек, шешімді баласының пайдасына шығарып беріпті.


Сол күні кешкісін қария үйге кемсеңдеп жылап келді. Жетпіске жетсе де ширақ, жас көрінетін. Үнемі күліп жүретін кісінің жылағаны да біртүрлі көрінді маған. «Мықтыбек, өмірім осымен бітті. Мені келін мен бала қуып жатыр. «Масқара еттің, позор болдық соттасып» деп маған қатты ренжулі. «Қызыңның қасына барып тұр» деп шарт қойды. Ертең кетем. Киімдерімді жинастырып жатсам «Анау квартиранттарыңа да айт, үйді босатсын» деп ескертті. Соны сендерге жеткізейін дедім» деді даусы дірілдей.


Үйреніп қалған жайлы үй еді. Біз түгілі өз әкесін қуған адамнан ендігі не үміт, не қайыр?! Ертеңіне біз де жүгімізді алып, ол үйден көшіп кеттік. «Бүйтіп жер басып жүрмей-ақ қойдым, шш...» деп күйеуім әлгінің сыртынан әбден сыбады. Бетіне айтуға шама жоқ, сөзіміз өтпейді. Тілімізді тістеген күйі кеттік.


Өзіміздің жасымыз қырықтан асып қалды. Ол жігіт те бізбен сәл-ақ үлкен еді, ендігі ұлын үйлендіріп, немере сүйіп қалған шығар. «Ақылы кіріп, әкесін шақырып алды ма екен, әлде қария қаңғып жүріп өмірден өтті ме екен» деп күйеуіммен осы оқиғаны еске алып қоям. Бірақ, әй, қайдам, ақыл-есі, жүрегінде иманы бар жігіт болса сол кездің өзінде бос жатқан жерін қарындасына бөліп беріп, шаңырағының берекесін қашырмас еді ғой.


Қазіргі жастар дүниенің қолдың кірі екенін ұғынып, ата-анасының көңіліне қаяу салмаса екен. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дегенді санаға жақсылап сіңіріп алсақ, онда тура жолдан айнымаймыз.