Алматыда екі адам кәріз қалдығында уланып, көз жұмды

0
1 360

Сол маңдағы саудагерлер олардың нәжіс толы құдыққа еш жабдықсыз түскенін айтады.


Алматыда екі адам кәріз қалдығында уланып, көз жұмды

Алматыда екі адам кәріз қалдығында уланып, көз жұмды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жетісу базарының жұмысшылары қалдық су жиналатын шұңқырды тазалауға түсіпті. Бірақ улы газдан екеуі де сонда есінен танып, құдықтан шыға алмай қалған. Сол маңдағы саудагерлер олардың нәжіс толы құдыққа еш жабдықсыз түскенін айтады. Қауіпсіздік шарасының неге сақталмағанына базар басшылығы жауап бере алмады.

Базардың екі қызметкері күні кеше кешкі сағат беске таман кәріз құдығын тазалауға кіріседі. Төмен қарай алдымен біреуі түсіп, көп ұзамай улы газдан есінен танып құлаған. Екіншісі көмекке ұмтылғанымен, ол да сонда талып қалған. Екі адамның нәжіс толы шұңқырда жатқанын сол маңдағы саудагерлер көрген.

“Өзім бірінші көмек көрсеттім. Екеуінің де жүрегіне массаж жасадым , жедел жәрдем жеткенше. Артынан үзіліп кетті. Бастықтары "тазала" деп, тазалауға келген. Бірақ қауіпсіздікті сақтамаған, бастықтары да сақтамаған. Ол жерге қандай жағдайда да жұмысшының аузына распиратор алып беру керек еді. Тұншығып қалу қаупі бар. Тайып кету қауіпі бар. Қауіпсіздік белдігін алып беру керек еді”, – дейді саудагер Ақбөпе Қызайбекова.

Марқұмдардың бірі 55-те, екіншісі 44 жаста. Кішісінің артында жұбайы мен 8 баласы қалды. Тоғызыншысына жүкті екен. Қазір осы қайғылы оқиға бойынша полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.

“Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Еңбек қорғау тәртібін бұзу дерегі. Түрксіб ауданы ПБ арнайы тергеу тобы құрылды”, – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.