Түркістан облысында «Мамандығым – болашағым» жобасы іске қосылды

0
291

Оның негізгі мақсаты – аймақтың еңбек нарығындағы өзгерістерін болжау және оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру.


Түркістан облысында «Мамандығым – болашағым» жобасы іске қосылды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан облысы бойынша «Мамандығым – болашағым» өңірлік жобалық кеңсесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан облысы бойынша «Мамандығым – болашағым» өңірлік жобалық кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. «Мамандығым – болашағым» жобасы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – аймақтың еңбек нарығындағы өзгерістерін болжау және оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру.


Кеңсенің тұсаукесеріне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Қожа Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова бастаған басшылық құрам, «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкенов, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы жобалық кеңсесінің өкілдері және оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.


Жиында сөз бастаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру жүйесін кадрлық қажеттіліктерге неғұрлым нақты бағдарлау мақсатында форсайт-зерттеулер жүргізудің, кадрларға өңірлік қажеттілік карталарын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, кадрларды даярлаудың өңірлік жүйесін жергілікті сұраныспен байланыстыру, университетте ғылымды дамыту, жастарды ғылымға тарту, жоғары білім беруді интернационалдандыру және цифрлық экожүйені қалыптастыру қажеттілігіне тоқталды. Жобаның бүгінге дейінгі негізгі көрсеткіштерін жіктеп атады.


Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жобаның берері мен маңызы туралы кеңінен баяндады. «Облыста елдің болашағы үшін маңызды жиынды өткізіп жатқандарыңыз үшін қуаныштымыз! Осы себепті облыс әкімдігі мен университет атынан сіздерге шынайы алғысымызды жеткізгіміз келеді. Бұл мәселе біздің өңіріміз үшін өте өзекті. «Мамандығым-болашағым» жобасы бойынша арнайы жол картасы әзірленіп, облыс әкімдігінің бекітуімен 2022 жылдан бері іске асырылуда» деген облыс әкімінің орынбасары өңірдегі кадр тапшылығы басым салалар туралы айтты. Сонымен қатар, қоғамның кез-келген экономикалық саласынан бастап, әлеуметтік, рухани-мәдени салаларына үлкен серпін беретін жастарды дұрыс мамандықтарға, іске бағыттаудың маңызы жайлы тілге тиек етті.


Университет ректоры Жанар Темірбекова жобаның маңыздылығына тоқталып, оның Түркістан облысын кадрлармен қамтамасыз етудегі құндылығын атап өтті және қатысушыларға жаңа қажетті дағдыларды меңгеруде сәттілік тіледі. «Аталған жобаға қатысты университеттегі әріптестеріміз былтырдан бері белсенді жұмыс істеді. Астана мен Алматы қалаларында түрлі оқыту семинарларына кеңінен қатысты. Ендігі кезекте, екінші кезеңге – өңірлік жобалық кеңсені құруға, өз командамызды қалыптастыру кезеңіне жеттік. Бұл барлығымыз үшін аса маңызды. Себебі, Түркістан облысының негізгі кадрларын даярлайтын өңірлік орталық – Ахмет Ясауи университеті» деді. Ал «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкенов аталмыш жобаның мақсаты мен маңызын саралады. Көптің көкейіндегі жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.


Аталған жоба шеңберінде университет қызметкерлері 5 күн бойы интенсивті режимде форсайттық зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттау курсынан өтеді. Тренинг нәтижелері бойынша курс түлектері өңірлік жобалық кеңсе командасын құрып, Түркістан облысының кадрлар қажеттілігінің өңірлік картасын жасауға бағытталған аймақтағы негізгі сала мамандарының қатысуымен форсайттық зерттеулер жүргізеді.


Айта кетейік, қазіргі таңда «Мамандығым – болашағым» жобасы еліміздің 17 өңірінде жүзеге асырылуда. Соның ішінде Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды облыстары және Алматы мен Астана қалалары өңірлік кадрларға қажеттілік картасын әзірлеуді аяқтап, осы өңірлердің басым секторларының қатарынан келешегі бар кәсіптерді анықтады. Сондай-ақ оқушылардың кәсіби диагностикасы жүргізілді, оның нәтижелері бойынша оқушылар өздерінің бейіні мен кәсіби қызметте жүзеге асыру мүмкіндіктерін анықтады.