ТҮРКІСТАН: 45 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьлерде демалады

0
253

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог жұмыс істейді.


ТҮРКІСТАН: 45 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьлерде демалады

Түркістан облысында биыл 45 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Түркістан облысында 45 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Жалпы жаз мезгілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді. Оның 7-і - мемлекеттік болса, 15-і - жекеменшік. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог жұмыс істейді. Бұл жайында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов брифингте мәлімдеді.


«Түркістан облысында жалпы 1 052 мектепте 518 733 оқушы білім алады. Оның ішінде 32 306 оқушы 11-сыныпты бітірмек. Ал 27 340 оқушы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Облыстағы түлектердің 1 727-і - «Алтын белгіге» үміткер болса, 2 466 оқушы - «Үздік аттестат» иегері атанбақ. Жазғы сауықтыру лагерьлеріне жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, облыстық колледждерден 80 студент өндірістік тәжірибеге тартылады. Сонымен қатар, 20 мыңнан астам бала ата-аналар есебінен ақылы демалады. Ал «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыстағы 3 421 оқушы Түлкібас және Төлеби аудандарының лагерьлерінде жазғы уақыттарын өткізеді» - деді Жандос Маханбетұлы.


Сонымен қатар, спикер мектептер жанынан да лагерьлер ұйымдастырылатынын жеткізді. Онда жергілікті бюджет есебінен 10 000 оқушы жазғы демалыста болады. Облыста жазғы маусым кезінде барлық мектептерде спорттық командалар жасақталып, жарыстар, спартакиадалар, үйірме жұмыстары ұйымдастырылады. Жасөспірімдердің Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беру мақсатында Түркістан, Отырар, Сайрам, Бәйдібек өңірлеріне саяхаттар ұйымдастырылмақ.