​«Немерелеріме жалдамалы «няня» боп отырмын»: шымкенттік әйел ешкім білмейтін құпиясымен бөлісті

0
5 560

«Өлі балық сияқты, өзеннің ағысымен өмірімді өткізіппін»


​«Немерелеріме жалдамалы «няня» боп отырмын»: шымкенттік әйел ешкім білмейтін құпиясымен бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бір ғана қате шешім бүкіл өміріңді өзгертіп жіберуі мүмкін. «Неге олай еттім, бекер келістім» деп өкінеміз ғой, бірақ кейде адамның тағдыры ол туылмай тұрып жазылып қойғанын іштей мойындап, сабырға келемін. Демек, менің маңдайыма дәл осындай тағдыр жазылған. Соған көндігіп, көніп, жақсы өмір сүруге талпыну керек», - деп әңгімесін бастады Жарқынай есімді әйел.


Орта жастан асқан келіншек қазір туған немересіне бала күтуші боп жалданыпты. Ешкімге ұқсамайтын тағдырын ERNRU.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Елу екі жастамын. Осы жасыма дейін басымнан біраз нәрсе өтті. Айтсаң айды-жылға, жазсаң бір кітапқа арқау болар әңгімем жатыр. Бұрын «мен сөйткем, мені олар бүйткен» деп өмірімді адамдарға айтуға ұялатынмын. Ал қазір ештеңені жасырмаймын, өйткені мен ұялатындай ештеңе істемедім деп ойлаймын. Ұялу керек бір адам болса, ол менің алғашқы махаббатым мен оның анасы еді. Бірақ өмірден өтіп кеткен адамдардың артынан жаман сөз айтып, өкпемді төкпей-ақ қояйын.


Ата-анадан ерте айырылғам. Екі ағам бағып-қақты. Мектеп бітірген соң оқуға түсе алмай қалдым да, нағашы әпкемнің немерелерін бағысуға жалданып, басқа ауылға кеттім. Ақша тауып, дайындалып, келесі жылы мұғалімдікке қайта тапсырып көрем деген жоспарым болды. Сол оймен әпкемнің үйіне бір сөмке кітап арқалап бардым.


Аса ауыр шаруа жоқ, әпкем де, келіні де жұмыста. Балаларына қарап, кешкі асты дайындап қоям. Аптасына екі рет үйін жинап, кірін жуғаннан басқа ауыр тірлік те жоқ. Күніне бір мәрте, түстен кейін көшенің бас жағындағы құбырдан таза су ағады. Сол кезге туралап бөшкемен су әкеліп алу керек. Сол суға барып жүріп бір жігітпен таныстым. Біз әлгі көшенің бергі басында, ал ол арғы басында тұрады екен. Бірақ маған көмектесіп, бөшкемді үйге дейін арбаға тиеп, әкеп береді. Арамызда ерекше жақындық пайда болды.


Көп ұзамай екеуміз қыз бен жігіт боп жүре бастадық. Менен бір жас кіші, енді мектепті бітіргелі отырған бозбала ғой. Соған қарамастан сезімге ерік беріп қойдық. «Мектепті бітіре сала саған үйленем» дегеніне мен де сеніп, ақымақтыққа салдым. Өзім де ақыл тоқтатпаған бала болғам ғой, қазір қарап отырсам...


Әлі ақыл тоқтатпаған баланың сөзін әке-шешесі тыңдаушы ма еді, «Далбасалама, оқисың» деп әкесі оны Алматыға аттандырып жіберді. «Сен мені ұмытпа, мен саған бәрібір үйленем» деп ант-су ішіп кетті. «Келесі жылы мен де Алматыға тапсырам, артыңнан барам» деп өзімше жоспар құрып, ауылда мен қалдым. Бірақ бізге деген Құдайдың жоспар басқаша екен. Ол кеткен соң аяғымның ауырлап қалғанын білдім. «Сорыңқұрығыр-ау, елге масқара еттің ғой, бала бағып жүр десем, сен не бүлдірдің» деп нағашы әпкем әбден ұрысты.


Алдырып тастауға кеш, ішімдегі төрт айдан асып қалған. Жігітіме хабар бере қоятын, ол кезде телефон да жоқ қой. Бөлемнің әйелін араға салып, жігітімнің анасына хабар бергіздім. «Біздің қыз сіздің балаңызбен ойнап-күліп қойыпты. Енді аяғы ауыр, не істейміз» деп алдына барған екен. Ол кісі «қалада сіңлім тұрады, соның үйіне апарып орналастырамын. Сол жерде босансын, ауылда өсек боп кетеді. Көктемде балам Алматыдан келеді, сосын некесін қиып, үйлендіреміз» деп өзі бәрін кесіп-пішіпті.


Сол кісінің айтуымен қалаға көшіп бардым. Алыстау туысы екен, әрі оның да балаларына қараймын, үйін жинаймын. Айына бір рет жігітімнің анасы келіп, хабарымды біліп тұрды. Босанатын кезде басы-қасымда болып, баланың кінігін өзі кесіп, маған жақсы қарады. Қырқымнан шыққанша сол үйде болды. «Болашақ енем жақсы адам екен» деп өзімше мәзбін, қайдан білейін ішінен құйтұрқы жоспар құрып жүргенін.


«Балам екеуің де жассыңдар ғой, жақсы өмір сүру үшін жоғары білім керек. Сондықтан мына баланы маған бер, ауылда өзім бағып-қағам. Ал сені танысыма айтып, кәсіптік техникумға оқуға түсірем. Оқуларыңды бітірген соң үйленесіңдер» деп мені дегеніне көндірді. «Тегін оқисың, диплом аласың, осы жерде тұра бересің. Айына бір-екі мәрте баланы әкеп, көрсетіп тұрам» деген соң айтқанына имандай сеніп, келістім.


Білмеймін, мені әлгі техникумға қалай кіргізгенін, жылдың ортасынан бір топқа қосылдым. Азанда барам, кешке келем. Мен тұратын үйге жету үшін екі автобусқа отыру керек, жетем дегенше қас қарайып қалады. Сондай күндердің бірінде мені бір жігіт алып қашты. Өмірімде көрмеген адам ғой, «жігітім бар, балам бар» дегеніме қараған да, сенген де жоқ. Бас салып басыма орамал салып отырғызып қойды. Үйдегі ағама хабарды да екі күннен соң берді. Білмеймін, қазір ойлап отырсам әдейі уақыт созу үшін жасалған тірлік екен ғой.


Беташар жасалып қойған соң ағам мен бөле жеңгем қуып келді. «Мен қалмаймын, жеңге, білесіз ғой, балам бар, бірақ мұны ағам біліп қоймасыншы» деп жалынып, мені өздерімен алып кетулерін өтіндім. Бірақ ағам көнбеді, «келдің бе, енді қаласың» деп мені тастап кетті. Сөйтіп өмірімнің күл-талқаны шықты. Танымайтын бір үйге көз жасым көл боп қалып кеттім.


Менің ол жігітпен қосылған алғашқы айым тозақ болды. Жұмыс істемейді, әкесі жоқ, жалғыз шешесіне бағынбайтын еркенің өзі екен. Құдайдың құтты күні ішіп келеді, келеді де «сен маған көнбей, кетем дегенсің, балам бар дегенсің» деп ұра береді. Шыдай алмай нағашы әпкемнің ауылына қашып кеттім. Бара сала жігітімнің анасына бәрін түсіндіріп айтам, тіпті баласына келіншек етпесе де өз баламды алып кетем деген жоспарым болған. Сөйтсем енем менің баламды өз атына жаздырып, барлық тірлігін тап-тұйнақтай етіп алыпты. «Неге келдің, сен енді біреудің әйелісің. Баламды күтпей шошаңдап байға тиіп алған өзің кінәлісің. Кет, енді саған берер бала жоқ» деп ит-терімді басыма қаптап, қуып шықты. Басым сүмірейіп күйеуімнің алдына қайта келдім.


Е, қайсыбірін айтайын, сол еркектен тағы бір бала таптым. Ішкіш күйеуді адам етем, түбінде бір жеңем деп шыдап жүргенде жастық шағым өте шықты. Қазір жесірмін, күйеуім жаман аурудан көз жұмды. Әлгі жігітім де алматылық біреуге үйленіп, сол жақта тұрақтап қалыпты деп естігем. Екі жыл бұрын ол да бақилық болған. Шешесінің қайтыс болғанына да біраз боп қалған. Ал менің балам есейіп, жақсы білім алып, қалада үлкен бір бизнестің тұтқасын ұстап отыр. Осы жылдар ішінде сыртынан есітіп, сұрастырып жүрдім ғой, бір сәтке де есімнен шықпаған.


Былтыр баламның кеңсесіне жұмыс сұрап бардым. Еден жуушы болсам да қасында жүрейін деген, құшағыма қыспасам да дауысын естиін деген ой болған. Бірақ ол кісі «маған еден жуушы емес, балаларымды бағатын адам керек, сіз ондай жұмысқа қалайсыз» деп күтпеген ұсыныс жасады. Бір минут та ойланбай, бірден келісім бердім. Қазір екі немереме няня боп жүрмін. Ал екінші некеден туған баламды сол фирмаға күзетші етіп кіргізіп қойдым. Бірақ анасы екенімді, екеуінің бір-біріне бауыр екенін білмейді. Оны айтуға жүрегім дауаламады.


Міне, менің өмірім осындай. Жігітімнің анасы балалығымнан, баламнан айырды. «Жетім қыз теңіміз емес» деген сылтаумен өмірімді күл-талқан етті. Өзімнен де кінә бар, жастықпен, жуастықпен өз құқымды қорғай алмадым. Өлі балық сияқты өзеннің ағысымен кете бергем. Бұл жағдай басқаларға да ой салып, сабақ болса екен...»