​ШАҢЫРАҚ АСТЫНДАҒЫ БЕРЕКЕ: ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

0
71

Әр отбасы өз перзенттерін елге адал қызмет ететін, қоғамға пайдасын тигізетін азамат етіп тәрбиелеп өсірген өнегелі әулет. Олардың өмірлік ұстанымы – әділдік, ізгілік пен еңбекқорлыққа баулу, ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпаққа аманаттау.


​ШАҢЫРАҚ АСТЫНДАҒЫ БЕРЕКЕ: ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында қаладағы «Достық үйінде» «Отбасы күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, өнегелі әулеттер марапатталды.

Мерекелік жиынның ашылу салтанатында қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева қатысты.
– Отбасы – мемлекет пен қоғамның ең басты тірегі. Әр шаңырақта ұлттық дәстүр сақталып, бауырмалдық пен сыйластық орнықса, еліміздегі бірлік пен ынтымақ та нығаяды. Әрбір әулеттің тарихы – ел тарихының бөлшегі. Біз өнегелі отбасыларды дәріптеу арқылы жастарға бағыт-бағдар беруді көздейміз. Ұрпақ тәрбиесі – аналардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Бүгінгі марапаттар – соның айғағы, – дейді Гүлжан Сүгірбаева.
Шара барысында алдын ала іріктелген отбасылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
«Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясын – қоғамға адал қызмет етіп жүрген, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген Курбанходжаевтар әулеті иеленді. Отбасында қазақтың туын желбіретіп жүрген таеквондошы Дастан Нәжімханов бар. «Күміс кереге» номинациясымен – 25 жыл отасып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан Бүркіттер отбасы мен Андар отбасы марапатталды. «Алтын шаңырақ» номинациясының иегері – 50 жылдық ғұмырын бірге өткізген, өнегелі әулет Үсенбековтер отбасы болды.
Әр отбасы өз перзенттерін елге адал қызмет ететін, қоғамға пайдасын тигізетін азамат етіп тәрбиелеп өсірген өнегелі әулет. Олардың өмірлік ұстанымы – әділдік, ізгілік пен еңбекқорлыққа баулу, ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпаққа аманаттау. Қоғамдық істерге белсене араласып, берекелі шаңырақтың мәнін паш ету.
Бөлісу