​Өзіңізге деген СЕНІМіңізді не «сындырады»?

0
2 660

Сенімге сызат түсіретін жағдайлардан сақтаныңыз...


​Өзіңізге деген СЕНІМіңізді не «сындырады»?

Адамның өз-өзін бағалауы, өзіне деген сенімділігі – ең керек қасиеттердің бірі. Өйткені, биікті бағындырудың, жетістікке жетудің, бақытты болудың бір кілті – өзіне деген сенімде. Астрологтардың айтуынша, әр белгі иесінің сеніміне түрлі жағдайлар сызат түсіреді екен. Ендеше, өз жұлдызыңызға сай жайтты біліп, содан сақтанып жүрген абзал-ау.


Тоқты

Сіз үшін барлық жағынан мінсіз әрі алда болу маңызды. «Өзге біреуден сәл артта қалдым-ау», «мына тұста мінім бар-ау» деген ойдың өзі сенімділік шкаласын тұңғиыққа түсіреді. Сондықтан, өзіңіз жайлы мұндай ойларға берілуден аулақ болыңыз. Және жұрттың сіз туралы айтқан орынсыз сын-пікірлеріне мән бермеуді үйреніңіз.


Торпақ

Өзгерістен қатты қорқасыз. Ол сіздің еркіңізден тыс орын алса, тіптен «сынып» кетуіңіз мүмкін. «Тұрақтылықты ұстап тұру қолымнан келмеді» деп қапа боласыз. Осы ой жаныңызды жегідей жеп, өзіңізге деген сенімді жояды. Жоғарыдағы ойды санаңыздан сызып тастап, «Өмірдегі кез келген өзгеріс – жаңа бір жақсылықтың бастамасы» деп қабылдаңыз. Сонда бәрі жақсы болатынына көп ұзамай-ақ көз жеткізесіз.


Егіздер

Сіздің өзіңізге деген сеніміңізге селкеу түсіретін – үнемі ойыңызды шырмап тұратын күмәнді ойлар. Әр жасаған ісіңіз үшін өзіңізді жазғырып, әр шешіміңізді мың қайтара ойланып, өзіңізді аяусыз сынау – күнделікті қайталанатын әрекеттер. Егер осыдан арылмасаңыз, көп ұзамай өзіне мүлдем сенімсіз жанға айналасыз. Шынтуайтында, жасаған әрекеттеріңіздің, қабылдаған шешімдеріңіздің басым көпшілігі дұрыс болып шығады. Ал, аздаған қателіктер – ол барлық адамда болады.


Шаян

Сіздің басты мәселеңіз – өзгелердің қателігі, сәтсіздігі үшін өзіңізді кінәлауыңыз. Біреумен араздасып қалсаңыз да, соны ойлап өзіңізді жегідей жейсіз. Осының бәрі өзіңізге деген сенімділікке сызат түсіреді. Сондықтан аталған әдеттермен күрескен абзал.


Арыстан

Жалпы, өзіңізге тым сенімді жансыз. Тек кейде басқа адамдардың сыни пікірлеріне қаттырақ мән беріп, сеніп қалатыныңыз бар. Сондайда ішкі сенімділік деңгейі аздап төмен түсіп қалады. Бірақ бұл қалпыңыз ұзаққа бармайды. Сондықтан, өзіне деген сенімсіздіктен зардап шегу – сізге жат нәрсе.


Бикеш

Өзіңізді-өзіңіз өте көп сынайсыз. Кейде тым артық кетесіз. Қашанда бойыңыздан түзетуге тиіс қате, кінәрат іздеу үстінде боласыз. Осыдан кейін ішкі сенімділік туралы қалай сөз етуге болады?

Шын мәнісінде, әр әрекетіңіз мақтауға лайық, әр шешіміңіз дұрыс болып келеді. Осыны ескерсек, өзіңізге деген нық сенімнің қалыптасуына берік іргетас бар. Ал, аздаған кемшіліктер барлық адамнан табылады, осыны ұмытпаңыз.

Таразы

Сіздің әлсіз тұсыңыз – өзіңізді өзгелермен салыстыру. Бір адым алда тұрған жанды көрсеңіз, сенімділіктің сол сәтте-ақ күл-паршасы шығады. Ал, сізден алда тұратын жан қашанда табылады. Сондай-ақ, сізден кейін тұратындардың да бар екенін естен шығармаңыз. Бұл өмірдегі жандардың бәрі солай – біреуден ілгері, біреуден кейін жүреді. Сондықтан, «өз биігіме лайықпын» деп қана ойлаған жөн.


Сарышаян

Сіздің сенімділігіңізге сызат түсіретін бір нәрсе болса, ол – айналаңыздағы негатив таратушы жақындарыңыз. Иә, сіз сондай жандарға жақын жүресіз. Ал олар өздерінің көмегі, қолдауы болмаса, өздігіңізден ештеңеге жетпегеніңізге, жетпейтініңізге сендіріп әлек. Мұндай адамдармен арақатынасты қаншалықты тез үзсеңіз, өзіңіз үшін соншалықты жақсы болмақ. Сонда ғана бәрі өз күшіңіздің, қабілетіңіздің арқасы екеніне көзіңіз жетеді.


Мерген

Сізге зиянын тигізіп жүрген бір әдет – өзіңізді жақсы көрмейтін адамдарға жақсы көруге лайық екеніңізді дәлелдеу. Сол жолда күресіп жүріп, өзіңізді қалай құрбандыққа шалып жібергеніңізді білмей қаласыз. Жеке тұлға ретінде жойыласыз. Тоқтатыңыз. Өзіңізде барды бірінші болып өзіңіз бағалаңыз, жақсы көріңіз. Сонда басқалар да сізге қатысты көзқарасын өзгертетін болады. Бағаламағандар, ұнатпағандардан іргеңізді аулақ салыңыз.


Тауешкі

Өз шаруаңыз бастан асып жатқанда, өзгелердің мәселесін шешу неге керек? Түсініңіз, әркім өз өмірінің қожайыны. Басқа біреудің шаруасына бас қатырып жүргенде, өзіңіздікі назардан тыс қалып қояды. Ал өз өміріңіздегі ретсіздік, шешілмеген түйіндер сенімділігіңізді нөлге түсіреді.


Суқұйғыш

Өзіңізді әр жіберген қатеңіз үшін тым қатты жазғырасыз. Тіпті оны түзеткеннен кейін де іштей кінәлауыңыз көпке дейін басылмайды. Осы үшін айналаңыздан ұзақ уақыт ұялып жүресіз. Ойланып қараңызшы, тіпті жаза басқан күнде де оны түсініп, қайта түзетуіңіз үлгі етуге тұрарлық іс емес пе? Осы жағына көбірек мән берсеңіз, өзіңізге деген сенімділігіңіз сол қалпы сақталады.


Балықтар

Сіз өзіңізден көрі өзгелерге көбірек сенесіз. Өз шешіміңізді ысырып қойып, өзгенің шешімімен әрекет етесіз. Ішкі даусыңызды басып қойып, басқаларды тыңдайсыз. Салдарынан айналадағылар сенгіштігіңізді аяусыз пайдаланады. Бұған да іштей өзіңізді жазғырасыз. Осы әдеттерден арылуға асыққан жөн.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Нумерологиялық сан сәйкес келмесе, сүйіктіңізбен бақытты бола алмайсыз