2023-тің жеке саны осы жылдың қандай болатынын айтып береді

0
3 595

Әркімің өмірлік нумерологиялық санынан бөлек, әр жылдың өзіндік саны да болады.


2023-тің жеке саны осы жылдың қандай болатынын айтып береді

Жылдың жеке саны дәл осы жылы сіздің өміріңізде қандай өзгеріс, нендей жаңалық болатынынан хабар береді. Осы болжамды білу арқылы қажетті қадамдарды жасай отырып, жақсы нәтижеге жете аласыз.


Қалай есептейсіз?

Жылдың жеке санын есептеу формуласы:

туған айдың реттік нөмірі + туған күн датасы + ағымдағы жыл = жылдың жеке саны

Мәселен, туған күн 17 қыркүйек болса, биыл былай есептеледі:

Ай – 9

Туған күн – 1+7=8

Жыл – 2+0+2+3=7

9+8+7=24,2+4=6

Есте сақтаңыз: әр жылдың жеке санын анықтау үшін туған жылыңызды емес, ағымдағы жылдың цифрларын қосу керек.


Сандардың мағынасы

1 – бастамалар уақыты, жемісті жыл

1 саны – әрқашан бастаманың символы. Сондықтан ойланбастан жаңа жобаларды қолға алыңыз, биыл бастаған ісіңіз сәтті болады. Батылдық танытып, бастамашылдық көрсетіп, қабілеттеріңізді қолданатын уақыт келді. Өзіңізге көңіл бөліңіз, қабілет-қарымыңызды жетілдіруге, имиджіңізді немесе өмір салтыңызды өзгертуге, жеке мақсаттарыңызға қол жеткізуге көбірек уақыт пен күш жұмсаңыз. Осы жылы жеткен жетістіктеріңіз алдағы тоғыз жылдық циклдағы барлық ісіңізге іргетас болады.


2 – әріптестік, байланыс жылы, баяу

Кідіріс жасап, артқа, алға қарап, асықпай бағамдайтын уақыт. 2 – ынтымақтастық пен серіктестік саны, сондықтан биылғы жылы өз жеке қажеттіліктеріңізді ғана емес, басқалардың да қажеттіліктерін бірінші орынға қоюды үйренген жөн. Бұл барлық істеріңізде үйлесімділікке жетудің ең жақсы сәті, ымыраға келу уақыты. Энергияңызды үйлесімділікке, тепе-теңдікке, ынтымақтастық пен серіктестікке бағыттасаңыз, 2023 жыл сізге тыныштық әкеледі, өмір ырғағы жұмсақ, жайлы болады.


3 – шығармашылық шарықтау жылы

Шығармашылық идеялар жылы, өзін-өзі көрсету, әлемге өз көзқарасын, өз шындығын жариялау жылы. Әйткенмен, қарама-қайшылыққа толы. Бір жағынан, 3 саны қуанышты, көпшілік ортасындағы көңілді өмірді білдіреді. Бірақ, екінші жағынан, осы жылы эмоционалды аспектіде жұмыс істеу сізден біраз күш пен батылдықты талап етуі мүмкін. Қайткенде де ойыңызды ашық айтуды, өз сезіміңізді сөзбен және іс-әрекетпен білдіруді үйренуіңіз керек.

Көңіліңіз қалағанда шығармашылықпен айналысуға, достарыңызбен көңіл көтеруге және ойын-сауыққа өзіңізге рұқсат беріңіз.


4 – тәртіп, еңбек, нәтиже жылы

Бұл өміріңізді реттеу, тәртіп орнату, істеріңізді, денсаулығыңызды ақылмен басқару уақыты. Тіпті, идеялар, мақсаттар мен ұмтылыстарды да нақтылап, жүйеге келтіру қажет. Орнатқан ереже, құрған жоспардан ауытқымай, айнымай, өзіңізді қатаң бақылауда ұстаңыз. Болашағыңыздың берік іргетасын құру 2023 жылы осындай үлкен жұмыс істеуді талап етеді.

Кейбір дәні балалық шақта себілген мәселелер осы жылда өсіп, қылтиып көріне бастауы мүмкін. Оны шешу үшін отбасыңыздың қолдауына арқа сүйеу қажет.


5 – тосынсыйлар, тәуекелдер мен өзгерістер жылы

Өзгерістер жылы, бірақ ішкі әлеміңізде емес. Керісінше сырт келбет, кәсіп, мүмкін мекенжай, позицияның, мәртебенің өзгеруін білдіреді. Бұл – биылғы жылды саяхатқа арна деген хабарлама болуы да мүмкін.

Сонымен қатар, ниет етіп, тәуекелге бас тіксеңіз, үмітіңіз ақталатын және табыс әкелетін уақыт.


6 – отбасы, махаббат пен түсіністік жылы

6-шы жыл жауапкершілік пен отбасылық борышқа толы болады. Осы уақытты сүйікті, жақын адамдарыңызға қолдау көрсетуге, қамқорлық жасауға пайдаланған дұрыс. Үй шаруасына, отбасылық міндеттерге көңіл бөліңіз. Сіз отбасыңызға қатты қажет боласыз, ал отбасы сізге қажет. Жеке өмір мен жұмысқа бірдей көңіл бөліп, таразы басын тең ұстау керек.


7 – өзіңмен жұмыс, демалыс жылы

Сіз үшін 2023 жыл – ішкі жұмыс, демалыс және күтім, энергияны қалпына келтіру, рефлексия және рухани ізденіс жылы. Жалғыз қалу, оңашада өзіңе сұрақтар қойып, жауабын өз ішіңнен іздеу, білім алу, хоббимен айналысу, саяхаттау көп пайдасын тигізеді. Осы жылы сізге тазару, соның ішінде денені тазарту қажет болады. Сондықтан түрлі диеталар, дұрыс тамақтану, ағза тазарту, детоксикация бағдарламаларына қызығушылық таныта бастайсыз.

Биылғы жылдың табиғи ырғағын бұзбау үшін, өзіңіздің ішкі дауысыңызды ести алу үшін мүмкіндігінше демалуға, ойлануға уақыт бөлуіңіз керек. Бұл дұрыс өмірлік шешімдерді қабылдауға және өзіңіздің ерекше әлеміңізді білуге көмектеседі.


8 – құрмет, жетістік, мойындау жылы

Осы жылы бойыңызда іскерлік рухы басым. Жаңа жобаларды бастап, нәтижеге жеткізу, қаржылық менеджмент, басқарушылық, көшбасшылық сынды қызметтерге қажыр-қайратыңыз, ақыл-ойыңыз толығымен жетеді. Нәтижесінде қабілеттеріңіз бұрынғыдан да жақсы шыңдалып, абырой-беделіңіз көтеріледі, өзіңізге сеніміңіз артады. Күш, ақша, табыс, жетістіктер – осы жылдың басты энергиясы.


9 – жетістіктер, кешірім және түсіністік жылы

«Не ексең, соны орасың». Биылғы жыл қандай болса да, ол – алдыңғы сегіз жылда жасаған іс-әрекеттеріңіздің нәтижесі. Осы жылы қалтаңыз қалыңдауы мүмкін, өйткені осыған дейінгі жасаған еңбегіңіз, барлық құрбандық, жұмсаған күш-жігеріңіздің қайтарымын алатын уақыт. Осы жылдың соңына дейін барлық істеріңізді аяқтау, мәселелер болса, шешімін табуға тиіссіз. Жаңа циклдің басы болатын келесі жылы бәрін жаңадан бастайтыныңыз есіңізде болсын.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖҰЛДЫЗЫҢЫЗ бір, бірақ ЕКІ ТҮРЛІсіздер ме? Бәріне кінәлі – ТУҒАН АЙЫҢЫЗ