​Жасанды тастан жасалған бұйымдардың күтімі қандай?

0
2 720

Шұңғылшаға ыстық су төгуге болмайды...


​Жасанды тастан жасалған бұйымдардың күтімі қандай?

Қазір жасанды тастан жасалған бұйымдар өте танымал. Мұндай бұйымдар гигиеналық және экологиялық қауіпсіз саналады. Сондықтан қазір көп ретте ас үйде ыдыс жуатын шұңғылша мен тақтай ретінде жиі пайдаланылады. Жасанды тастан жасалған сәнді бұйымыңыз ұзағынан бүлінбей тұру үшін төмендегі бірнеше кеңесті керегіңізге жаратып көріңіз.

Күтімдегі ерекшеліктер

Жасанды тастың түсі алғашқы кездегідей сақталып тұруы үшін бірінші кезекте тиген дақ, кірді мейлінше жылдам тазарту. Жасанды тас тез сіңіру қасиетіне ие емес. Алайда тұрып қалған дақтар бұйымның құрамындағы бояғыштың әсерінен тастың әдемі түрін құрта алады және оны жою біршама еңбекті қажет етеді.

Жасанды тасты тазартудағы заттар бұйымның беткі қабатына байланысты бөлінеді. Жылтыр емес жабынды қырғыш пен жуу құралдарына шыдамды келеді. Ал жылтыр жасанды тас кофе, шай, май дақтарынан жақсы қорғалған.


Жасанды тас бұйымдарын тазартуда қандай заттар қолдануға болмайды

  • Жоғары концентрациялы сіркеқышқылы
  • Қырғыш заттар
  • Сілтілік қоспалар
  • Еріткіштер
  • Майсыздандырғыш
  • Ацетон

Хлорды таза күйінде және құрамында хлоры бар заттарды да пайдалануға болмайды. Бірақ өте аз қосылған хлор қоспасымен бұйымның бетін залалсыздандыру үшін сүртіп алуға болады.

Жасанды тастан жасалған затты тазарту

Жасанды тасты тазарту үшін ең дұрысы ыдыс жуатын сұйықтық пен жұмсақ ысқыш қажет. Ол заттағы дақ пен кірді тез тазартуға көмектеседі. Екінші кезекте жасанды тасты тазарту үшін арнайы құралдар бар. Арнайы құралдардың бағасы біршама қымбат тұрады.


Үй жағдайында тазартуға арналған құралдар

Кейде ыдыс жуатын сұйықтық пен жұмсақ ысқыштың күші келмейтін немесе қолда болмай қалатын кездері болады. Ондай кезде мына төмендегі тәсілдердің бірін қолданып көріңіз:

  • Ашық түсті газдалған сусын (Sprite, 7 Up, Сарыағаш). Қолданар алдында сусынды кішкене жылытып алу керек. Газдалған сусын түрлі дақтардан, мәселен қызылша, бояғыштардан қалған дақтардан жақсы тазартады. Бар болғаны жылы газдалған сусынды дақ тиген жерге сүртіп, жұмсақ шүберек немесе ысқышпен сүртіп тазартып алу керек.
  • Лимон. Лимон шырыны жасанды тас бетіндегі сары дақтарды, татты жақсы кетіреді.
  • Гелді тіс пастасы. Паста тек қана тазартып қоймайды, сондай-ақ ағартып, жасанды тастың реңін келтіре түседі. Ашық түсті жасанды тастар үшін өте жақсы және арзан тазартқыш.
  • Қыша. Қыша жаңа тиген дақтарды жақсы тазартады және жақсы залалсыздандырғыш. Тазарту үшін қышаның ұнтағын да пастасын да пайдалана беруге болады.
  • Ас содасы. Ас содасын су қосып қоймалжың қоспа жасап алып барып қолдану керек. Ол жасанды тас бетіндегі шай, кофе қалдықтарын жақсы тазартады.


Ескеру! Жасанды тасты тазартуда тұз бен ұнтақты лимон қышқылын пайдалануға болмайды.


Күнделікті күтім

  • Жасанды тастан жасалған ыдыс жуатын шұңғылшаға ыстық су төгуге болмайды.
  • Сондай-ақ ыстық күйінде ыдыстарды жасанды тастан жасалған тақтай үстіне қоюға болмайды.
  • Ыдыс жуатын шұңғылша ішінде қатты заттардан сызықтар түспес үшін астына резеңке қорғаныш төсеп қоюға болады.

Қажетті кеңес, керегіңізге жарасын!

Дайындаған: Э. Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Сұйық және қатты сабын - қайсысы дұрыс?


Көліктің терезесі "ТЕРЛЕСЕ" аяқкиім қорабынан шыққан ҚАЛТАШАНЫ ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ!