АРАМШӨП те пайдалы: бау-бақша үшін ТЫҢАЙТҚЫШТЫ қолдан жасап алуға болады​

0
9 288

Көң болмаса да бақша топырағын тыңайтып мол өнім ала аласыз.


АРАМШӨП те пайдалы: бау-бақша үшін ТЫҢАЙТҚЫШТЫ  қолдан жасап алуға болады​

иллюстрациялық фото: ғаламтордан

Бақшадағы жерден мол өнім алу үшін топырағын тыңайту маңызды. Ол үшін пайдаланылатын түрлі химикат өнімдер бар. Алайда бақшадан алынған өнімдер ағзаға зиянсыз болуы үшін көп ретте табиғи тыңайтқыштарды қолданған дұрыс. Табиғи тыңайтқыш ретінде ең көп қолданылатыны ол – көң. Алайда көңнің көпшілікке қолжетімді болуы екіталай.

Ендеше көң болмаған жағдайда тапырақты қалай тыңайтуға болады?.Топырақ құнарлы болу үшін, көктемде қандай тыңайтқыш және қандай мөлшерде берген дұрыс? – деген сұрақтардың жауабын төменнен біле аласыздар.


Егер көң болмаған жағдайда топырақты қалай қоректендіруге болады?

Көптеген бақша егушілер топырақты тыңайтуды күзде, жерге қар түспей жатып бастайды. Бірақ көктем мезгілінде де топыраққа мол тыңайтқыш керек. Себебі еріген қар топырақ бетіндегі өсімдіктерге қажетті пайдалы тыңайтқыштарды ағызып жібереді. Сондықтан болар мамандар көктем – бұл бақшаға тыңайтқыштардың көптеген түрлерін беретін ең қажетті мезгіл деп есептейді.


Сұйық тыңайтқыш

Бұл көңді алмастыруға арналған тиімді тыңайтқыштардың бірі. Оның тиімділігі өсімдік тамырына тез сіңеді және жылдам бой көтеруіне көмектеседі. Сондай-ақ оның құрамында ең қажетті азот және калий бар. Оны топыраққа құюға немесе өсімдік жапырақтарына себуге болады. Сондай-ақ сұйық тыңайтқыштың ең үлкен тиімділігі оны қолдан үйде жасауға болады.

Сұйық тыңайтқышты жасау

Күн жақсы түсетін жерге бөшке немесе ыңғайлы шұңғыл ыдыс қойыңыз. Оған арамшөптерді тамырымен, гүл, дәнімен жұлып салу керек. Ыдыс жартысынан көп мөлшерде шөпке толғаны дұрыс. Үстінен ыдысты шамалы толтырмай су құйып, бетін кленкамен мықтап жабу қажет. Кленканы ауа кіріп тұруы үшін 4 жерінен тесеміз.

Біраз күннен соң (ауа-райына байланысты) ыдыстағы судың бетінде көпіршік пайда бола бастайды. Ал судың түсі бірте-бірте жасылданып, жағымсыз иіс пайда болады. Шамамен 1,5 аптадан соң (егер күн ыстық болса процесс тез жүреді) көпіршу басылып, су қою қара түске айналады. Бұл тыңайтқыштың дайын болғанының белгісі.



Сұйық тыңайтқышты пайдалану мөлшері

Сұйық тыңайтқышты пайдаланар алдында ыдыстағы шөпті жақсылап араластырып, кейін сүзіп алып асқабақ, қияр, қырыққабат егетін жердің топырағына араластыруға болады.

Бөшкедегі сұйық тыңайтқышты топыраққа құю үшін 1:10 мөлшерде сумен араластырып алу керек. Себебі бұл өте күшті тыңайтқыш саналады. Ал жапырақтарға себу үшін 1:20 мөлшерде араластырылады.

Бұл тыңайтқыштың тағы бір тиімді тұсы – оны тек көктемде ғана емес, жаз бойы да беруге болады. Сұйық тыңайтқышты өсімдіктер гүлдегенге дейін 3 аптада 1 рет қана пайдалану керек. Ал гүлдеген соң өнім беріп болғанша 2 аптада 1 рет беріледі.


Тыңайтқышты қанша уақыт сақтауға болады

Сұйық тыңайтқыш дайын болған соң 1 аптадан сәл асық уақытқа ғана жарамды. Себебі ондағы азот буланып ұшып кетеді де тыңайтқыштың тиімділігі кемиді.


Азотты тыңайтқышты беруде төмендегі ережелерді ескеру керек:

  • Көптеген тыңайтқыштар суға тез ериді. Сондықтан олар еріген қар суы немесе мол жаңбырмен ағып кетеді. Сол себепті де тыңайтқыштарды сәуір айының соңғы күндері мен мамыр айының басында берген жөн. Бұл әрине әр өңірдің ауа-райына, табиғатына қарайды.

  • Тыңайтқыштың дәл қандай өсімдіктер үшін берілетіні де маңызды. Яғни, тыңайту керек деп барлық жерге тыңайтқыш сеуіп тастау дұрыс емес. Мысалы, жеміс ағаштары үшін тыңайтқышты топырақ толық кеуіп кетпей жатып, ертерек берген жөн.

  • Ал гүлдер мен көкөністердің топырағына оларды егетін кезден 1 тәулік бұрын ғана тыңайту ұсынылады.


Арамшөптерден тыңайтқыш жасау үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Оның үстіне мұндай тыңайтқыш жасау арқылы шөптерден құтыласыз, артық шығын болмайсыз, бақшадан таза табиғи дәріленбеген мол өнім аласыз. Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Солып қалған бөлме гүлдерін АС СОДАСЫ құтқарады