«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ»: Қатысушылар Түркістанға бағыт алды

0
679

Мұндай аламан бұрын болмаған.


«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ»: Қатысушылар Түркістанға бағыт алды

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон бәйгенің он бірінші кезеңінде шабандоздар Түркістан облысы, Созақ ауданына жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон бәйгенің он бірінші кезеңінде шабандоздар Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылдық округінің Абай елді мекеніне аялдады. Жүздеген шақырымды артқа тастаған шабандоздарды Созақ жұртшылығы үшінші рет қабылдап, үлкен құрметпен қарсы алды. Бұл ретте Созақ ауданы әкімдігі мен тұрғындарының ұлттық спортқа деген ерекше ықыласын айта кеткен жөн. Дүбірлі дода қатысушыларын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков пен спорт жанашырлары күтіп алып, атбегілер мен шабандоздардың мерейін асқақтатты.


Он бірінші кезеңде Маңғыстау, Жетісу облысының тұлпарлары мәреге ерте келді. Түркістан облысының командасы да үздіктер қатарынан табылды. Елордадан 1100 шақырымды артқа тастаған шабандоздарға сырлы Созақ өңіріндегі ат спортының жанкүйерлері қолдау көрсетіп, әрбір шабандозға алғыстарын білдірді. Өйткені мұндай аламан бұрын болмаған.


«Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесін ұйымдастырушыларының бірі Арман Абдоллаевтың айтуынша, бұл бәйгеде қазақ жылқыларының мәртебесі асқақтай түскен.


«Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесі де мәресіне таяп келеді. Бастапқыда 19 өңірден командалар жарыс жолына шыққан болатын. Қазіргі таңда 4 команда қалып отыр. Биыл тұңғыш рет өтіп отырған бұл бәйгенің баламасы әлемде жоқ деуге болады. Жарысты ұйымдастырар барысында біз жан-жақты зерттеп көрдік. 1200 шақырымды әрі бірнеше өңірді қамтитын көшпелі бәйге әлемде жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, осы бәйгені қадағалап, зерттеп жүрген мамандар қазақ тұлпарларының шыдамдылығына таңғалып отыр. Біздің мақсат та – ұлттық спортты ұлықтау, қазақты ат спортына қызықтыру әрі ұлы даламыздың тұлпарларын дәріптеу. Бірнеше облысты басып өтіп, үлкен қиындықтарды жеңе білген әрбір шабандоз құрметке лайық. Түркістан облысы тұрғындарына алғысымыз мол. Созақ даласында қошеметпен қарсы алып, шабандоздарға жігер берді. Осы марафонда ең көп жанкүйер Түркістан облысында жиналды. Бұл – өңірде ұлттық спорт жанашырларының көптігінің белгісі", – дейді. А.Абдоллаев.


Бүгін таң қылаң бере жолға шыққан шабандоздар Ащысайдан өтіп, Түркістан қаласына келеді. Жеңімпаздар Түркістан төрінде анықталады.


«Ұлы дала жорығы» – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда. Түркістан облыстары) басып өтетін тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны.


Марафон-бәйгені ұйымдастырушылар – «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы. «Amanat» партиясы да қолдау көрсетуде. Бас серіктес – «Самұрық Қазына» АҚ. Серіктес – «Sportqory» спортты қолдау қоры.

Бөлісу