Түркістандық мұражайшылар Абай күнін атап өтті

0
365

«Абай мұрасы – халық даналығы» атты фото көрме ұйымдастырды.


Түркістандық мұражайшылар Абай күнін атап өтті

Түркістанда музей қызметкерлері Абай күнін кең көлемде атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда 10 тамыз – Абай күніне орай «Ұлы Дала Елі» орталығының ұйымдастыруымен біршама ауқымды шара өтті. Алдымен «Delfin Egucation» білім беру орталығында Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Ұлы Дала Елі» орталығына қарасты, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Оңдасынов атындағы музей филиалы «Абай мұрасы – халық даналығы» атты фото көрме ұйымдастырды. Мұнда көрменің тақырыптық мазмұнын ашып, толықтыра түсетін Абай өмірі мен оның әулетіне қатысты портреттер, фотосуреттер мен кітаптар қойылды.


Содан соң Нәзір Төреқұлов музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Түркістан қалалық орталық кітапханасында «Әлем таныған Ұлы Абай» атты шара өтті. Мұнда ұлы жазушының шығармаларын топтастырған кітап көрмесі бар. Шараға Түркістан қаласындағы мектеп оқушылары қатысып, «Әлем таныған – Ұлы Абай» атты бейнеролик дайындалды. Орталық кітапхана мен музей қызметкерлері бірлесе өткізген шараға М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Мақсат Әліпхан, Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі маманы Әйгерім Жұмабай, көзі көрмейтін және әлсіз көретін арнайы кітапхананың кітапханашысы Ержан Ибрагимов қонақ болды.


Бұдан кейін «Балауса» балалар жазғы демалыс лагерінде жас оқырмандар арасында «Абай менің жүрегімде» атты ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысы өтті. Шараның мақсаты – Абай өлеңдері арқылы оқушылардың рухани байлығын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру. Оқушылар аталған шараға бар ынта-жігерімен қатысты. Қара сөздердің мәнін зерделеген жалынды жастар бойларына ерекше қуат алды деуге болады. Сайыста оқушылар Абай шығармаларын оқып, оларды күнделікті әдетіне айналдыруға сөз берді. Ұйымдастырушылар адамгершілікке, бірлікке, оқу-білімге шақыратын мұндай шараның маңыздылығына тоқтала келіп, «Абай шығармаларын санамызға тоқи отыра, мәнін түсініп, жанымызға жақын тартып, Ұлы бабамыздың нұсқауымен жүрсек, келешегіміз жарқын, болашағымыз баянды боларына сеніміміз мол» деп атап өтті.


Абай күніне арналған мерекелік шара әлеуметтік желіге сауалнама жүргізумен қортындыланды.