ТҮРКІСТАН: Тағы бірнеше ауданда су тасқыны орын алуы мүмкін

0
372

Су басу салдарынан 36 бас қой қырылып қалды.


ТҮРКІСТАН: Тағы бірнеше ауданда су тасқыны орын алуы мүмкін

Түркістан облысы аумағында орын алған төтенше жағдай оқиғаларына байланысты су сору және қашырту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы аумағында орын алған төтенше жағдай оқиғаларына байланысты су сору және қашырту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы айтқан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Запаров 3 ақпан күнгі сағат 10:30-ға дейінгі жағдай бойынша шұғыл ақпараттарды мәлім етті.


Ресми өкілдің айтуынша, жауын-шашын тоқтап, өңірде жағдай тұрақталды. Түнгі сағат 03:00 шамасында топан судың келуі тоқтаған. Қазір Бәйдібек ауданының Шақпақ ауылында жеке тұрғын үйлердің ауласынан су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл аумаққа ТЖД тарапынан 10 қызметкер, 2 техника мен 4 мотопомпа жұмылдырылған. Су басу салдарынан 36 бас қой қырылса, 589 бас уақ мал қауіпсіз жерге шығарылды. Сонымен қатар, 2 ақпан күнгі сағат 17:20-дан бастап Бәйдібек ауданы аумағындағы облыстық маңызы бар автокөлік жолының КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ М-32» бөлігінде барлық автокөлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылған.


«Су сору және қашырту жұмыстары басталғалы бері өңір бойынша 443 адам, 71 техника, 43 мотопомпа мен 1 жүзу құралы жұмысқа жұмылдырылды. Жалпы, облыс бойынша 20 ауылға су кіріп, 204 адам мен 790 бас уақ мал қауіпсіз жерге көшірілді. Бөгет жасау үшін шамамен 13000 дана құм салынған қап жұмсалды. 14 мотопомпаның көмегімен 86 ауладан 197 текше метр су сорылды», - деді Бақытжан Жақсылықұлы.


Дегенмен, өңірде су басу қаупі әлі де сейілген жоқ. «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша 3, 4 ақпан күндері облыс аумағында жаңбыр, таулы аймақта қар жауады деп күтілуде. Егер, толассыз жаңбыр жауып, таудағы 70 сантиметрге жуық қар ерісе, Қазығұрт және Төлеби аудандарында су тасқыны орын алуы ықтимал. Тіпті, бұл аумақтан аққан су Келес өзеніне құйылып, Сарыағаш және Келес аудандарына өтіп кетуі де ғажап емес. Жалпы, дәл қазір табиғат тосын мінез танытса, облыс аумағындағы кез келген ауданда төтенше жағдай туындауы мүмкін. Сол себепті барлық жерде қауіптің алдын алу жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.