ТҮРКІСТАН: Орман-дала өртінің алдын алу бойынша оқу-жаттығу жиыны өтті

0
868

Орман шаруашылығы мекемелеріне 70 жаңа техника табысталды.


ТҮРКІСТАН: Орман-дала өртінің алдын алу бойынша оқу-жаттығу жиыны өтті

Түркістан - Балтакөл бағытындағы арнайы аймақта тактикалық оқу жаттығу өткізілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан - Балтакөл бағытындағы арнайы аймақта облыстық орман шаруашылығы және орман қорғау мекемелерінің орман және дала өрттерін сөндіру бойынша өзара іс-қимылы жөніндегі тактикалық оқу жаттығу өткізілді. Ауқымды шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев орман шаруашылығы мекемелеріне 70 жаңа техника табыстады. Облыс басшысы өңірдегі орман шаруашылығын дамытудың аса маңыздылығын атап өтті.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастырумен, Облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп өткізген шара табиғи апаттың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Сценарий бойынша қураған ағаштар мен бұталардың жануы орын алды. Тактикалық жаттығу табиғи апатты жою алгоритміне сәйкес жүргізілді. Шартты өрт 200 шаршы метр алаңды қамтыды. Шара барысында құзырлы органдардың жеделдігі және үйлесімді іс-әрекеттері қорытындыланды. Карантин талаптары сақтала отырып ұйымдастырылған шараға 100-ден астам адам мен 40-қа жуық техника жұмылдырылды.

Еліміздегі жалпы орман қорының 11,4 пайызы Түркістан өңіріне тиесілі. Облыста 3,5 млн гектарға жуық орман қоры жерлері бар. Орман шаруашылығы мекемелерінде 2018 жылы 700-ден аса қызметкер болса, биыл олардың саны екі есе артып, 88 пайызға артты. Үш жыл бұрын техникалар саны 306 дана болса, қазіргі күнде 443 данаға жетіп, 45%-ға пайызға өсті.

Мемлекет Басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында ел аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу керек екені айтылған. Осыған сәйкес, Түркістан облысында 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттері отырғызылады. Облыс әкімдігі мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бірлескен «Кешенді жоспар» аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп, ауқымды шара 5 жылда жүзеге асады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен 2019-2022 жылдары Түркістан қаласының айналасынан 7 700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланды. Бүгінгі таңда бұл жұмыстар мерзімінен бұрын орындалды. Жасыл белдеудің жалпы көлемі екі есе ұлғайып, 13 500 гектарға жетті. Жылдың соңына дейін 20 000 гектарға жеткізу жоспарлануда. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан аумағындағы «Жасыл белдеу» жобасының барысымен танысты.

Былтыр «КазАтомпром» акционерлік қоғамының қолдауымен шаһарда 5 800 га сексеуіл ағаштары егілді, оның ішінде 3 300 га жерге көшетпен және 2 500 га ұрықпен себілді. Орманды молайту және орман өсіру саласында жоспарланған жұмыстарды сапалы, толығымен орындау мақсатында қосымша штаттық бірліктер мен техникалар алынуда.