Түркістан облысындағы 149 мектепте спорт залы жоқ

0
445

Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтау стандарттары мен талаптарға сай келметін мектеп саны – 791.


Түркістан облысындағы 149 мектепте спорт залы жоқ

Түркістан облысындағы 149 мектепте спорт залы жоқ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында Түркістан облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Жанар Қасымова айтып берді. Оның айтуынша, облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру және білім беру ұйымдарына сырттай бағалау жүргізу арқылы аталған саладағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде, 2022 жылы бұл бағытта бірқатар тексерулер жүргізіліп, көптеген кемшіліктер анықталған.


Жиын барысында Жанар Сатыбалдықызы мемлекеттік көрсетілетін қызметті жүзеге асыру жұмыстарына да тоқталып өтті. Мәселен, мемлекеттік лицензиялау бойынша электрондық үкімет веб-порталының www.egov.kz, www.elicense.kz ақпараттық жүйелері арқылы департаментке 320 ұйым лицензия және лицензияға қосымша алу туралы өтініш түсірген. Бірақ, ол өтініштердің 30 пайызға жуығы ғана қанағаттандырылып, біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 228 өтініштен бас тартылған.


Сондай-ақ, 2022 жылы білім беру ұйымдарына 366 педагог жұмысқа қабылданса, 322 педагогты қабылдау кезінде конкурс ережелері сақталмаған екен. Нәтижесінде 90 мектептің директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Одан бөлек, облыста білім беру қызметіне қойылатын біліктілік және басқа да талаптарға сай келмейтін мемлекеттік мектептер көп.


"Мониторинг барысында облысымыздағы 908 мектептің 800-ге жуығында сыртқы дәретханалардың жабылмағаны анықталды. Барлық аудан, қалалардағы 149 мектепте спорт залы жоқ. Түркістан қаласы мен Келес, Қазығұрт, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас және Сауран аудандарындағы 16 мектепке интернет желісі жүргізілмеген. Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтау стандарттары мен талаптарға сай келметін мектеп саны – 791. 800-ге жуық мектеп бастауыш сыныптар үшін жеке пайдалануға қажетті жабдықталған шкафтармен қамтамасыз етілмеген", - деді ол туралы Жанар Сатыбалдықызы.