Түркістан облысында 2,5 пайыздық несие алатын жастар іріктеліп жатыр

0
523

Мемлекеттік қолдаулар халықтың табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.


Түркістан облысында 2,5 пайыздық несие алатын жастар іріктеліп жатыр

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен бағдарламалардың аймақта іске асырылу барысын талқылау жиыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2023 жылы Түркістан облысында жаңа бизнес-идеялар ұсынған 1688 азаматқа грант беру жоспарланса, 594 жасқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Мемлекеттік қолдаулар халықтың табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.


Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен бағдарламалардың аймақта іске асырылу барысын талқылау жиыны өтті. Мәжіліске Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, барлық аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының өкілі, жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған жұмысшы топ мүшелері шақырылды.


Күн тәртібіндегі мәселе бойынша басқарма басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, «Еңбек» бағыты бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант берудің бірінші легі 20 ақпан - 3 наурыз аралығында жүргізілген. Үміткерлердің өтінімдері Business.enbek.kz кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданып келеді.


Алғашқы лекте 385 азаматқа грант қарастыру көзделіп, 5199 адам өз жобаларын аталған платформаға жолдаған. Нәтижесінде 381 қатысушыға грант беріліп, игілігін көруде. Мемлекеттік қолдауға қол жеткізгендердің қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған тұлғалар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақыларды алушы санаттарындағы азаматтар бар.


Осы тұста Әсия Құралқызы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін аудан, қалаларда грант беру жөніндегі комиссия отырыстарының барысы жергілікті Халықты жұмыспен қамту орталықтарының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетілімі жүргенін айтты. Грант берудің екінші легі 15 мамырда басталып, 26 мамырға дейін өтінімдер қабылданды. 2023 жылдың 22 мамырындағы мәліметке сүйенсек, өңір көлемінде 3862 жоба тіркелген.


Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары жастарға арналған жеңілдетілген несие беру шараларын баяулатпай, сапалы әрі жедел орындау керектігін қатаң ескертті.


"Бұл мәселе облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламаларды жүргізуге селқос қарамай, басты назарда ұстаңыздар. Халық игілігін көруі тиіс. Жастар арасында бағдарлама жөнінде толық ақпарат жетпейтіні байқалады. Өйткені, басым бөлігі мал шаруашылығы бойынша жобаларын ұсынуда. Дегенмен бізге басқа да кәсіп түрлерін өндіріп, қызмет көрсету саласын дамыту қажет. Жан-жақты ізденулері үшін жастарға бағыт-бағдар мен кеңес беріп көмектесіңіздер. Сенім білдірілген агент ретінде айқындалған «Аграрлық несие корпорациясы» өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруын жеке қадағалауыма аламын. Сондай-ақ грант алған азаматтар жобаларды мақсатына сай пайдалануына талдау жасау керек. Былтыр мұндай жағдайлар орын алып, тосқауыл қоя білдік. 2022 жылы кәсіпкер ретінде тіркелмеген 93 азаматтың қаржысы Заң аясында кері қайтарылды. Осы жұмыстар жалғасын табады", – деді Ермек Кенжеханұлы.


Айта кетейік, Түркістан облысының жастарына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие үлестіру үшін мемлекеттен 2,9 млрд. теңге бөлінген. Агенттіктің хабарлауынша, бүгінге дейін жалпы 256 жас кеңес алуға келіп, оның 130-ы бизнес-жобасын ұсынған. Комиссия қарауына 105 жастың құжаты өткізіліп, 25-26 мамыр күндеріне жоспарланған комиссия отырысында өз жобаларын қорғайды.