ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы мектеп маңында медициналық қалдықтар үйіліп жатыр (видео)

0
2 809

Мақтаарал ауданындағы бірнеше елдімекенде орналасқан медициналық мекемелердің қалдықтары ашық аспан астында жатыр. Тіпті, оларды жою жұмыстары ешбір қорғаны жоқ ашық алаңдарда жүзеге асырылуда. Ал, аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болса, тұрғындардан арыз келіп түспейінше өздігінен тексеру жұмыстарын жүргізе алмайтындығын айтады.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы мектеп маңында медициналық қалдықтар үйіліп жатыр (видео)

Түркістан облысы, Мақтаарал аудандық «Мырзакент» ауруханасына қарасты кейбір фельдшерлік-акушерлік пункттердің аумағында медициналық түрлі препараттардың қалдықтары өртелуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Мырзашөл өңіріндегі «Еңбекші» дәрігерлік амбулаториясына қарасты «Шұғыла» акушерлік пункті, «Шұғыла» жалпы орта мектебінің ғимаратында орналасқан. Алайда, ол жердегі медициналық қызметкерлер күнделікті пайдаланылған медициналық қалдықтарды белгілі бір мерзім ішінде орталыққа жіберудің орнына мектеп ауласына тастап келген.

Ең сорақысы, бей-берекет төгілген улы қалдықтардың жанында орналасқан спорт алаңында мектеп оқушылары сабақ өтіп, дене тәрбиесімен айналысады.

Дәл сондай екінші нысан – «Еңбекші» дәрігерлік амбулаториясына қарасты «Жантақсай» фельдшерлік акушерлік пункті. Мұндағы жағдай алдыңғысынан кем емес. Елді мекен жанында орналасқан пунктте медициналық қалдықтар тыйым салынған жерде, яғни, мекеме ауласында өртеліп, жойылып отырған. Жойылған қалдықтардың арасында пайдаланылмаған дәрі-дәрмектердің өртелгенін байқауға болады.

Мырзакентке қарасты «Ақ жол» дәрігерлік амбулаториясының «Жеңіс» фельдшерлік акушерлік пунктіндегі жағдай да мәз емес. Ауыл тұрғындарының денсаулығы сыр берген жағдайда ең алдымен көмек беріп, тиісті медициналық қызметтерді ұсынатын бұл пункттің де ауласынан пайдаланылған медициналық қалдықтардың бей-берекет шашылып жатқандығын байқау қиын емес.

Аталмыш мәселеге байланысты «Мырзакент» Мақтаарал аудандық ауруханасы бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын қадағалау бойынша орынбасыры Нұржан Темірханұлының айтуынша, медициналық қалдықтарды тасымалдау мен оларды жою жұмыстары келісім-шарт негізінде тек арнайы рұқсат етілген орындарда ғана жойылуы тиіс. Ал, «Мырзакент» Мақтаарал аудандық ауруханасының өзінде немесе оған қарасты дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттерде аталған қалдықтарды жоятын орындар белгіленбеген. Бір таң қаларлығы –"Мырзакент" Мақтаарал аудандық ауруханасы аумағында да аталған қалдықтардың бірнеше түрі тау-тау болып үйіліп жатыр. "Бас дәрігер отыратын орталықта осындай олқылықтар болып жатқанда, өзгелері не істемейді", - сауал туындайды көкейде.

Ал, Мақтаарал аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәкен Серікбаев мырза медициналық қалдықтар өртеліп жатқан елдімекен тұрғындарынан арыз келіп түспейінше өздігінен тексеру жұмыстарын жүргізе алмайтындығын алға тартып, қол қусырып отыр.