ТҮРКІСТАН: Б.Саттархановты еске алуға арналған ХХІ турнир басталды

0
985

Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан елдерінен де боксшылар келді.


ТҮРКІСТАН: Б.Саттархановты еске алуға арналған ХХІ турнир басталды

Түркістанда Б.Саттархановты еске алуға арналған ХХІ халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің тұңғыш иегері, түркістандық талантты боксшы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы халықаралық турнир басталды. Биыл ХХІ рет өтіп жатқан халықаралық бокс додасына Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан елдерімен қатар Қазақстанның барлық аймағынан былғары қолғап шеберлері келген. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев көпшілікті құттықтады.


"Баршаңызды қасиетті Түркістан төрінде қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Біздің батырымыз, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық турнирге қош келдіңіздер! Турнирге көршілес үш мемлекеттен және еліміздің әр өңірінен командалар келді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына, Түркістан қаласының облыс орталығына айналғанына 5 жыл толып отыр. Осы Түркістанымызды әлемге танытуға Бекзат бауырымыздың сіңірген еңбегі орасан. Ол спортта жарық жұлдызға айналып, өзінің өшпес ізін қалдырды. Түркістан өңірі ғана емес, жалпы елімізде Бекзатқа еліктеген жастар көп. Саңлақ спортшының өнегелі жолы ізбасарларына үлгі бола берері анық", – деді Бейсен Тәжібаев.


Түркістан төріндегі шаршы алаңға талантты боксшылар шығып, тартысты жекпе-жектер өткізуде. Биылғы бұл халықаралық бокс бәсекесінің ерекшелігі – тұңғыш рет қыздар да 5 салмақ дәрежесінде қолғап түйістіреді. Ұлдар 13 салмақ бойынша жеңімпаздарды анықтайды.


Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары деңгейде ұйымдастырған бұл халықаралық бокс додасына жалпы 22 команда, 200-ден астам боксшы қатысуда.


20 жасында жасындай жарқылдап, Сидней олимпиадасының шыңын бағындырған Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова да батыр ұлын еске алуға арналған турнирге арнайы келіпті. Дәстүрлі бокс турнирі жыл сайын қаншама талантты жастың шеберлігін шыңдауда. Бокс бәсекесінің жеңімпаздары 4-сәуір күні анықталады.