ТҮРКІСТАН: Биыл «Қамқорлық» бағдарламасына 950-ден астам отбасы енгізілді

0
829

Биылғы жылдың 27 наурызына дейін 2 отбасы баспанамен қамтылды.


ТҮРКІСТАН: Биыл «Қамқорлық» бағдарламасына 950-ден астам отбасы енгізілді

Түркістан облыстық «Қамқорлық» бағдарламасына биыл 950-ден астам отбасы енгізілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен 2020 жылдың қаңтар айында «Қамқорлық» бағдарламасы әзірленген болатын. Мақсат – мемлекеттік бюджеттерден бөлінетін қаражаттан тыс қосымша демеушілердің қолдауымен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды әлеуметтік қолдау. Бағдарлама аясында аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын жақсарту, олардың экономикалық тәуелсіздігі мен қиын жағдайларды жеңуге жеке ынтасын арттыру және ұмтылдыру шаралары тұрақты жүргізіліп келеді.


Аталған бағдарламаға Отбасының цифрлық картасы негізінде жағдайы тым төмен, дағдарыстық және қанағаттанарлықсыз деңгейде өмір сүріп жатқан жанұялар енгізілді. Олардың әрқайсысына материалдық көмек пен қажетті кеңес беретін арнайы жетекшілер тағайындалды. Сонымен қатар отбасы мүшелеріне тек әлеуметтік көмектер көрсету ғана емес жұмысқа орналастыру, қысқамерзімді кәсіби оқыту және өзге де шараларды жүргізу көзделген.


Айта кетсек, 2020-2021 жылдар арасында облыстық «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 2,7 мың отбасы 825,0 млн. теңгеге демеушілік көмек алып, баспанасы жоқ 85 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Түркістан облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше 2022 жылы «Қамқорлық» бағдарламасына енгізілген 1 042 отбасыға 338,8 млн. теңге көлемінде әлеуметтік көмектер ұйымдастырылып, 30 отбасыға тұрғын үй берілді.


2023 жылы бағдарлама жалғасын тауып, облыс бойынша 954 отбасы енгізілді. Биылғы жылдың 27 наурызына дейін 954 отбасының 365-не демеушілер тарапынан 15,7 млн. теңгеге көмектер көрсетіліп, «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 2 отбасы баспанамен қамтылды.