ТҮРКІСТАН: 164 білім беру ұйымы басшысының орны бос тұр

0
756

Ротациялауға жататын мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерінің саны 190-ды құрап отыр.


ТҮРКІСТАН: 164 білім беру ұйымы басшысының орны бос тұр

Түркістан облысында 2022 жылы білім беру ұйымы басшыларының бос лауазымына 85 қызметкер тағайындалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында Түркістан облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Жанар Қасымова айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта өңіріміздегі 164 білім беру ұйымы басшысының орны бос тұр. 2022 жылы білім беру ұйымы басшыларының бос лауазымына 85 қызметкер тағайындалған болса, 79 үміткер конкурстан өте алмаған. Ал, бір елдімекенде орналасқан, яғни ротациялауға жататын мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерінің саны 190-ды құрап отыр.


Тағы бір айта кетерлігі – қазір департаментте педагогикалық әдеп және педагогтердің құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік-кеңесші орган жұмыс істеп келеді. Жұмыс жоспарына сәйкес, бұл орган өткен жылы 5 отырыс өткізіп, 17 мәселені қараған. Нәтижесінде, үш білім беру ұйымының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Одан бөлек, педагог мәртебесі бойынша 4 әкімшілік іс қозғалып, 3 лауазымды тұлға мен 1 жеке тұлғаға қатысты шара көрілген.


«Өткен жылы 12 білім бөліміне білім беру ұйымдарынан заңнамада көзделмеген есептілік не ақпараттың талап етілуі бойынша мониторинг жүргізілді. 60 мектепке «Оқуға құштар мектеп» жобасының іске асырылуы және мектепішілік бақылау бойынша мониторинг жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталды. Облыстағы 18 мектепке «Оқуға құштар мектеп» жобасына қаржы бөлінсе де, әдебиеттік кітаптар сатып алынбаған. Қалғандарының кітапханасында бұл әдебиеттер бар болғанымен, оқушыларға ұсынылып, насихат жұмыстары төмен деңгейде жүргізілген», - деді спикер өз сөзінде.