​40 жылдан бері тракторынан қол үзбеген Алтын апа (видео)

0
5 076

"Ауылдағы жалғыз «тракторшы келін» атандым"


​40 жылдан бері тракторынан қол үзбеген Алтын апа (видео)

Гүрілдеген дыбысы сары даланы жаңғыртып, жердің шаңын көтеріп К-700 кетіп барады. Рульде – Алтын Құттыбайқызы. Жасы 60-қа таяған Алтын апа жан-жүрегі қалаған кәсібін жалғастырып келеді.

Өткен ғасырдың 80-жылдары Арыс қаласына қарасты Монтайтас ауылынан Шымкентке келіп, «пошта операторы» мамандығын оқыпты. Кейін Ташкенттегі техникумда білімін жетілдіреді. Бірақ аңсары тракторға ауа береді. Ауылда оқыған мамандығы бойынша жұмыс та табыла қоймайды. Сосын Қазығұртқа келіп, 3 айлық трактор жүргізу курсын оқып алады. Сөйтіп, небәрі 21 жасында cап-сары, жап-жаңа K-700 тракторына отырады.



– Сол кезде трактор айдайтындардың бәрі шағын денелі кісілер еді. Кіп-кішкентай боп, үлкен тракторды қалай айдап жүр деп ойлайтынмын. Сөйтсем, жүргізу оп-оңай екен. Мұның ауыр және жеңіл жүрген кезде жылдамдығы басқаша болады. Режиммен жүреді, барлығын тез жаттап алдым, – дейді Алтын апа.


Алтын апа КСРО заманында агрономдардың талабы қатты болғанын айтады. Соқамен жер жыртқанда тіпті бір-екі сантиметр де қате кетпеуін қатты қадағалаған екен.


«Күні-түні совхоздың жерін жыртамыз. Агрономдар білікті болатын. Арық қалмауын, соқа жерді біркелкі жыртқанын қатаң тексеретін. «Арық қалса, бидай орғанда комбайндар сынады» деп айтатын. Сондықтан К-700-дің алды-артына кезек-кезек көз тастап, аса мұқият қарап жүргізетін едік. Жауапкершілігі үлкен. Жыртқан жеріміздің тереңдігі 30-40 см-ден кем болмауы керек. Әйтпесе бидайды арам шөп басып кетеді. Осындай қатал талаппен жұмысі стедік. Бұған шеберлік пен сабырлық керек».


Кейін ауылдасына тұрмысқа шығады. Ата-енесі де, күйеуі де трактор айдауына қарсы болмайды. Қайта келін болып түскен үйіне тракторымен бірге барғанына қуанып, тракторшы келін атанады. Үйдің те, түздің де шаруасын дөңгелетеді. Совхоз тарап, жан-жаққа бөлінгеннен кейін бір трактор Алтын апайдың жеке үлесіне тиеді.


10 ұл-қызды дүниеге әкеледі. Поштада жұмыс істеп, 15 жылдай аспаз болып, аудандық мәслихатқа депутат та болыпты. Талай ауылдың мәселесін көтеріп, шешілуіне ықпал етеді.


Бірақ бәрібір трактор рулінен алыстай қоймайды. Ара-арасында ауылдастарының отын-су, көмірін тасып береді. Жер жыртуға, бидай оруға, шөп шабуға басқалары үлгермей жатса, соған да шығады.


«Әлі күнге дейін трактор айдағым келіп тұрады. Сол үшін тапсырыс ала берем. Балаларым «қойыңызшы енді жасың келді ғой, үйде отыр» дейді. Мен онда тұрған ештеңе жоқ екенін айтамын. Бір жағынан жақсы көретін жұмысымды істесем, екінші жағынан ақша табамын. Мұның несі жаман?!. Сол трактор әлі күнге қажетімізге жарап тұр. Шөпті те орамыз, жинаймыз. Су да тасимыз.


Бір тракторың болса, бір үйді асырайды. Мысалы, теміржолдан көмір түседі, сол көмірді Газ-53 машинамен тасиды. Ал мен тракторға «тележка» тіркеп тасимын. Мен 1000 теңгеге апарамын, олар 2000-3000 теңгемен тасиды. Арзан болған соң бізге айтатын адамдар да баршылық. Көмір сататын жерде кілең ер адамдар. Менің тракторымды кіргізгісі келмейді. Бірақ мен: «кіргізбесеңдер, қағып-соғып кіріп кетемін» деп күлемін. Олар сонау жерден «ойбай, Алтын келе жатыр» деп шетке тұрады. Мінезбен жүрміз ғой».


Ашық-жарқын сұхбаттасып отырып, қызық та қиын сәттерді есіне түсірді.

«Баяғыда балаларым кішкентай кезде «еншімізді алайық» деп үй салып жатқан едік. Құм керек болды. Тракторды от алдырдым да күйеуім мен қайнымды ертіп алып, құм артып келуге кеттік. Қайтып келе жатқанымда балаларымның достары көріп, мазақтаған екен. Балаларым келіп: «мама, бізді мазақтады, трактор жүргізбеші» деді.Мен «айта берсін, олардың мамасы ештеңе айдай алмайды, сендердің мамаларың кішкентай машина тұрмақ, үлкен трактор айдайды, қайта мақтаныңдар» дедім. Содан кейін намыстанбайтын болды.


Жанымда Ақмарал деген трактор айдайтын қыз болды. 1984 жылы оны көрші ауылдың жігіті алып қашты. Ести сала, трактормен қуып бардым. Тракторымда артындағы соқасы бар. Топырақ жол. Шаңдатып, құйғытып барсам, құрбым «осы босағада қаламын» деді. Кері қайттым. Барған жері сол құрбымды трактор айдауға қайта жібермей қойды. Ауылдағы жалғыз «тракторшы келін» атандым.


Тағы бірде Тоғансай деген бөлімшеден шөп артып келе жаттым. Көктемде тез жауып, тез еріп кететін қар болады ғой. Сондай күндердің бірі еді. Қырдан шығайын десем шыға алмадым. Беті қар боп жатқан соң тегіс жол сияқты көрінген еді. Сөйтсем ойық-ойық. Тележкам аударылып қалды. Тележканың тракторға қосылатын жері майысып кеткен. Дірілдеп кеттім. Ауылдан енді шыққам, мен тұрған жерде ұстахана болды. Адамдар жүгіріп келіп, «қорыққан жоқсың ба?» деп сұрап жатыр. «Қорықпадым» деп қоямын. Олар ұстаханаға апарып жөндеп, шөбімді қайтып артып берді. Сондай қатты қорқытқан кездер де болды. О заман да өтті.


Тойға барсақ та трактормен баратын едік, тележкаға тай артып, оның жанына адамдар топырлап отырып барған кездер де болды. Қызық дәурен екен ғой».

Алтын апай таң атып, күн батқанға дейін тыным таппайды. Ең қиыны – ауылда газ жоқ. Бір қыста 4 тонна көмір жағып, күлін шығарады

«Газ келсе, жақсы-ақ болар еді. Бүкіл ауыл отын тасып, пеш жағып келеміз. Газды күтіп-ақ жүрміз».


видео

* * *

Бұл «Түркістан әйелдері» жобасы Америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсеткен қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды. Beine.Pro шығармашылық тобы мазмұнына тікелей жауапты жəне мазмұны USAID, АҚШ үкіметі немесе Internews көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Авторлары: Әйгерім Бегімбет, Жанерке Хумар