"Бақыт іздеп кетті ме, байлық қуғанды жөн санады ма?" - танымал актер жат елге кеткен қазақ қыздарына алаңдайтынын жеткізді (видео)

0
2 260

Ұзатылар қыз орнына ән айтатын әншілерді де сынап өтті.


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актер Бекжан Тұрыс қазақтың қаракөздерінің жателдіктерге тұрмысқа шығуы жайында сөз қозғап, көпке ой тастады.

Нағыз ұлттық нақыштағы қосетек көйлегі мен үкілі тақия киген қыздың өзінің ұзату тойында жанды дауыста сыңсу айтқан бейнежазбасынан үзінді салған актер бұл дәстүрді "ұлттық тәрбиенің мектебі" екендігін атап өтіп, шетелдікке кеткен қыздың тағдырына, болашақ ұрпақ тәрбиесі алаңдаушылығын жеткізді.

Сонымен қатар, қазақ тойларында көрініс тауып, жаттанды әндерімен ұзатылар қыз орнына ән шырқайтын әншілерді де сынға алып, өзінің инстаграм желісіндегі жеке парақшасында жазды.

"Бақыт іздеп кетті ме, байлық қуғанды жөн санады ма, жатжұрттық саналатын қазақтың қызы зәңгіні таңдапты. Оны даттап жатқандар жетеді, жақтайтындар да табылды. Ұрпағын ардың сүтімен ауыздандырған аналар азайған ба, намысты ту еткен әкелер жоқ па, қазақтың қызы неге өзге ұлтқа келін болуға құмар? Әлгі қыз сыңсу жайлы естіп пе екен... Үйімен, елімен қалай қоштасты?

...Біздің тұрмыс-салт жырларымыздың ішіндегі көркемі де, көрнектісі де – сыңсу айту еді ғой. Ұзатылып бара жатқан қыздың сыңсуы, қоштасуы – ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі емеспе? Бүгінде қыздың өз ұясынан «ұшып» шығар мезгілінде айтылар сыңсуы үшін әншілерді «жалдау» көз үйреткен көрініске айналғалы қаш-шан! Енді осыған жарыса ән жазғызып, келсін-келмесін қызды жетектеп шығып, ақша табуға құмар әншілерімізді қосыңыз! Жалпы, біздің байырғы қазақ қызы өзі туып-өскен үйінен қалай кетіп еді? Сыңсуды әрқайсысы өзі айтпаушы ма еді? Таяуда өзім болған мына қарындасымның ұзатылуында осындай сыңсу естідім. Әке үйінен біржола кетіп, өзге үйдің түтінін түтетуге бекінген қыз осылай сыңсу айтты. Көз сүйсінді, көңіл толқыды, жан тебіренді. Бағың ашылсын, қарындасым!
Ал ана қаранәсілдінің құшағынан бақыты мен байлығын іздеген қазақтың қызына осылай шынайы тілек тілей аламыз ба? Өзімізде барды менсінбей, тек дарақылыққа жол берсек, ұлттығымызды сақтамасақ, осындай сорақылық жегіқұрттай дендей бермек. Ойланайықшы
", деп жазған Бекжан Тұрыстың ойын қолдағандар аз болған жоқ.


Айта кетейік, жуырда қаранәсілді жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қыздары туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланып, ол көптің қызу талқысына түскен болатын.