Күйеуіңіздің ӨЗГЕРГЕНІН қалайсыз ба? Ендеше, ӨЗГЕРТІҢІЗ!

0
2 689

Ол үшін әйелі мына әрекеттерді жасаса болғаны


Күйеуіңіздің ӨЗГЕРГЕНІН қалайсыз ба? Ендеше, ӨЗГЕРТІҢІЗ!

«Жігіттер алғалы жатқан қызын өзгермейді деп ойлайды. Ал қыздар жігітті үйленгесін өзгертіп алам деп ойлайды. Асылында екеуі де қателеседі»

Астарында өмірдің терең шындығы тұмшаланған әзіл.


Расында отбасылық түсініспеушіліктің бір парасы – әйелдің ерін өзгерткісі келуінен тамыр алады. Күйеу, әрине, басқа адамның кейпіне енгісі келмейді, өз қалпында қалуды таңдайды. Бір түйір күйеуді ығына жыға алмаған әйел өз дәрменсіздігімен бетпе-бет келіп, күйінеді. Осылай жалғасын таба береді де, түймедей-түймедей жайттар түйедей мәселеге айналады.

Жігіт кемі жиырма жыл ата-анасынан тәрбие алды. Он бір жыл мектепте, одан кейін бәлкім жоғары оқу орнында ұстаздарының тәлімін тыңдады. Достармен араласа жүріп, біразынан ақыл алды. Қоғамнан көрген түрлі жайттан түйін түйді. Яғни, ол қызға жолыққанға дейін дұрыс болсын, бұрыс болсын, өзіндік көзқарасы, тұлғалық іргетасы қалыптасты. Ержетіп тұрған жігітті жасалып біткен мүсін деп елестетейікші. Әйелі оны бұзып-жарып, қалыпты өз қалауынша қайта жасап, күйеуін қайта құюға тырысуы орынды ма?


Ер жігіттің бәрі бірдей емес, мінез, көзқарас, тәжірибе, батылдық пен рух әртүрлі болады. Таңдап тиген азаматыңыз бірбеткей, мінезі тік, өзіне сенімді, қырсық, тұлға ретінде қалыптасқан, ержүрек, рухты, өмірлік тәжірибесі мол, өзін, өз сөзін бірінші орынға қоятын адам болуы мүмкін. Олар тіпті балабақша жасынан-ақ бірбеткейлігімен дараланып көзге түседі. Өзгенің ығына жығылмайды, өз дегенімен жүреді, өзіндік пікірі бар, өзіне не керегін біледі. Мұндай ер-азаматтарды өзгерту мүмкіндігі жоққа тән. Сонымен қатар, жұмысқа ынтасы жоқ, жалқау, отбасының құндылығын түсінбейтін, қыз баласын сыйлай білмейтін, ашушаң, зиянды әдеттерге үйір, басқа да осындай жаман қасиеттерді бойына сіңіріп алған жігіттер де жоқ емес. Ер жігіттің бойынан осындай жаман қасиеттерін байқасаңыз, «кейін өзгертіп аламын» деп емес, «арақатынасты үзу керек» деген ойға жол берген жөн. Себебі, оны өзгертем деп жүріп өміріңіз өксікпен өтіп кетуі әбден мүмкін. Уақыт дәлелдеген өмір шындығы осындай.

Жаратылысы жуас, момын, өзгелердің өтінішіне құлақ аса алатын, ата-анасының айтуымен жүріп үйренген, жүрегі жұмсақ жігітпен сөзіңіз жарасса, тырысып көруге болады. Онда да анасы не бастығы секілді болмаңыз, оның да өз жөні бар.


Өмірлік жарыңыздың мінезі қандай болса да, онымен жақсы өмір сүріп кетудің кепілі – ұнамайтын жақтарын өзгертуде емес, оған деген өз қатынасыңызды өзгертуде.

Бұрын кемшіліктерін көп байқап, өз көзіне шұқып көрсете берген болсаңыз, енді мақтауды көбейтіңіз. Өтірік мақтау емес, өзіңіз байқаған әрбір жақсы қасиеті, титтей де болсын дұрыс ісінің астын сызып қойыңыз. «Кемшіліксіз адам болмайды» деген сөзді миыңызға шегелеп қайталай беріңіз. Арасында «мен де мінсіз емеспін» деп тұрған артық болмайды.


Басқалармен салыстырмаңыз. Өзгелердің күйеуі көзіңізге керемет болып көрінсе, бұл оның кемшіліксіз болғанынан емес, әйелінің басқалардың көзіне солай көрсете алуынан. Әркім өз артықшылықтарымен биік. Ол биікке сіздің күйеуіңізді де көтеруге әбден болады. Тек өзіне тән жақсы жақтарымен.

Жылы сөйлеңіз. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегенде, адамның ішіндегі жыланды меңзегендей. Ауыр айтылған бір ауыз сөзбен адамды мың әуреге салу да, бір ауыз жылы сөзбен жан тетігін табу да бір демде.


Дос-жаран, туған-туыстар мен балаларыңыздың алдында күйеуіңіздің беделін көтеруді ғана ойлаңыз. Бір адамның бойынан басқаға үлгі етуге тұрарлық бір қасиет табылмауы мүмкін емес. Ал сіздің күйеуіңізден, шындап іздесеңіз, бір емес, бірнешеуі табылуы да ғажап емес. Соны іздеп, тауып, басқаларға үлгі етіп айта жүріңіз.


Жолдасыңызға қызықты сұхбаттас болыңыз. Ол үшін өзіңіз білім алуды, дамуды тоқтатпаңыз. Түрлі тақырыптарда ойталқы жасай алатындай, күйеуіңіздің қызығушылықтары, хоббиі, спорт түрлері, саясат, т.б. хабарыңыз болсын. Ол әңгіме шерткенде үнсыз тыңдай біліңіз, пікіріңізді сұрағанда орынды ой айта алыңыз. Кеңес керек болғанда, ақылмен жөн сілтеңіз. Дұрыс сұрақ қоюды үйреніңіз. Бір тақырыпты талқылағанда өз пікіріңізді дұрыс жеткізіп, оныкін де қалыпты қабылдаңыз. Сонда араларыңызда ұзаққа созылған үнсіздік орнамайды. Әңгімесі таусылған жұбайларға айналмайсыздар. Және ең бастысы, сіздің пікіріңізбен санасады, дұрыс деп тапса, дегеніңізді жасауы да мүмкін.


Өзін өзгерту туралы шешімді өзіне қалдырыңыз. Әлбетте, саналы адам өмірінің соңына дейін өзін-өзі қадағалап, өзгелерден өнеге, оқиғалардан ғибрат алып, сын-ескертпелерден ескере жүруі тиіс. Бірақ, солай екен деп күйеуіңіз сіз айтқан сынның бәрін түзете беруге міндетті деп санамаңыз. Сізге ұнамағанмен, өзіне сол ұнауы мүмкін. Тіпті болмағанда, өзіне немесе өзгеге зиян тигізуі мүмкін жағдайда ғана кей қылықтарын, мінезін, әдеттерін жай сөздермен ескерту жеткілікті. Ары қарай оны түзете ме, сол қалпында қалдыра ма, өз еркі. «Мен айттым, бола қоймады» дп ренжудің жөні жоқ.


Ер-азаматтың отбасында басшы екенін үнемі есіне салып отырыңыз. Соңғы шешімді оған қалдырыңыз және шешімі дұрыс болсын, бұрыс болсын, жауапкершілікті де толықтай өзі арқалауына мүмкіндік беріңіз. Дұрыс жасамады екен деп, қатесін өз қолыңызбен түзеуге асықпаңыз. Жанында болыңыз, жігер беріңіз. Бірақ жүгін бөліспеңіз. Өз табысыңыз жетіп тұрса да, отбасының қажеттіліктерін толық өтеп, ер-азаматтың ақшасын өзіне қалдырмаңыз.


Өзгелерден мін іздеуді доғару керек. Тұрмысқа өз еркіңмен шыққан сәттен бастап, оның жақсы жақтарымен қоса, барлық кемшіліктеріне келісім берген болып есептелесің. Өмірде мінсіз адам болмайтыны секілді, жүз пайыз мінсіз қарым-қатынас та болмайды. Тек ерлі-зайыптылар өзара түсінісіп, бірін-бірі сыйлау арқылы ғана отбасы бақытын сақтай алады. Отбасылық бақыттың кілті де осында жатыр.


Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Көпбалалы отбасындағы өмірді жеңілдетудің ТӘСІЛДЕРІ