КҮЙЕУДІ, БАУЫРДЫ қиындықтан ҚҰТҚАРУ әйелдің ісі емес

0
2 582

Өзіңізді "ҚҰТҚАРУШЫ" болудан құтқарыңыз.


КҮЙЕУДІ, БАУЫРДЫ қиындықтан ҚҰТҚАРУ әйелдің ісі емес

Қазақ әйелдерінің көбіне тән қылық – жақындарына шектен тыс жанашырлық көрсету. Әсіресе, тұрмысқа шыққан қыздың төркініне, бауырларына деген көңілі тіпті ерекше. Болмашы жағдайдың өзіне жүрегі езіліп, ата-ана, бауырларын кез келген келеңсіздіктен өз қолымен суырып алғысы келеді де тұрады. Осылай жасайтын қыз-келіншектер психологтар айта беретін «құтқарушы» рөлінде екенін білмей не мойындамай жатады.


Мына қызықты қараңыз, тұрмыстағы әйелдер көп жағдайда қайынжұртына қатысты «құрбан» рөліне көбірек енсе, төркініне келгенде «құтқарушы» рөлінен шыға алмай қалады екен. Екеуі де жақсы емес. Яғни, құтқарушы болсаңыз да, құрбан болсаңыз да, екі жағдайдағы қарым-қатынас та сау әрі дұрыс деуге келмейді.


«Құтқарушы» рөлін ойнаушылар – сұралмаған кеңесті, тыңдалмаса да көл-дариядай ақылды беруге және өзгелерге көмектесуге барын салатын адамдар. Оларда өз өмірінде бәрі керемет болмаса да, басқаның өмірін дұрыстауға деген сезім басым болады. Өзінде жоқ бола тұра, біреуге тауып бергісі келіп тұрады. Бұл жерде әңгіме материалдық тұрғыда ғана емес.


«ҚҰТҚАРУШЫЛАР» қайдан шығады?

Бұған себеп түрлі болуы мүмкін. Ең қарапайым себеп – кішкентай кезіндегі сезімдеріне ата-анасы дұрыс қарамағандықтан не хаостан қорқу, мазасыздықтың белгілі бір этаптары, біреуді басқарғысы келу немесе өзін қаһарман, маңызды адам сезіну, т.б.


Өміріңіздің быт-шытын шығаратын 5 әрекет бар:

1) бәрін тыңдау, бәрінің айтқанымен жүру;

2) жаның қаламайтын жұмысты істеу;

3) демалысты, өзіңе қамқорлықты ұмыту;

4) бәріне «иә» деп қана жауап беру, «жоқ» деген жауаптан қорқу;

5) құтқарушы рөлінде жүру.


Егер сіз өзіңізді осы рөлден көрсеңіз, сіздің көмегіңізден кейін не болатынын қараңыз:

  • Біреуді былықтан қайта-қайта шығарып, қайта-қайта құтқара берсеңіз, ол соған үйреніп алады да, өзі еш әрекет жасамауға айналады. Бұл оны дәрменсіздікке алып келеді. Үнемі оның қасында болатыныңызға кім кепіл?
  • Сіз үнемі басқаның қалауын, керегін табуға тырысып, өзіңізді тану, өзіңіздің не қалайтындығын білу мүмкіндігінен айырыласыз. Себебі, барлық фокус біреудің өміріне қойылған.
  • Сіз бейсаналы түрде айналаңызға өзгелерден көмек күтететін адамдарды жинайсыз. Олар үнемі шағым жасаумен, өз реніштерін айтумен, басқаларды кінәлаумен болады. Осылай сіз негативті атмосфера жинайсыз және энергияңызды құр босқа құртасыз. «Арамтамақтардың» жебеуші періштесіне айналасыз.
  • Үнемі фокус басқада болғандықтан, сіздің өзіңізге уақытыңыз жоқ. Тұрақты түрде біреуге өз ресурстарыңызды құрту арқылы өзіңізге энергия қалмайды. Өзіңізден басқаның бәріне жаныңыз ашиды. Өзгелердің мәселесін шешесіз, өз басыңыздағылар қордалана береді.
  • Сұралмаған ақыл, керек емес көмекті көрсете жүріп біреулер үшін жеккөрінішті болып кетесіз.

Осындай нәтижені қаласаңыз, құтқарушы болуды жалғастыра беріңіз. Ал бұл нәтиже сізге ұнамаса, басқаларды емес, өзіңізді құтқарыңыз, «құтқарушы» болудан!

  • «Құтқарушы» болудан тыйылудың ең бірінші қадамы – өзіңіздің «құтқарушы» екеніңізді мойындау және осы рөлден шығуға деген құлшыныс.
  • Өзіңіздің «құтқарушы» екеніңізді және бұл күйден арылғыңыз келетінін жиі есіңізге салып тұрыңыз. Бұл үшін кез келген амалды қолданыңыз: қағазға жазып, қабырғаға іліңіз, қалта телефоныңызға сағат сайын ойнайтын әуенді ескертпе қойыңыз, әйтеуір бір амалын табыңыз.
  • Кімнің болмасын басындағы мәселесін білгенде, оған көмекке ұмтылмас бұрын «Бұл маған не үшін керек? Қандай пайдасы бар? Өзіме зияны жоқ па?» деген сұрақтарға жауап беріңіз.
  • Тым қатты көмектескіңіз келіп,түрлі эмоциялар, сезімдер тыныштық бермесе, көзді жұмыңыз да, өзіңізді елестетіңіз. Бір орында, қозғалмастан, тіп-тік тұрсыз. Осы позициядан таймаңыз. Ал әлгі адам өз мәселесімен өзі айналысып жатыр. Көп ұзамай оңынан шешіп алады. Шеше алмаса да, салдарын өзі көтереді, ол сіздің жауапкершілігіңіз емес. Осы көрініске, осындай ойға өзіңізді сендіріңіз.
  • Сіздің жауапкершілігіңізге кіретін мәселелер, тақырыптар, өмірдің салаларын тізім етіп жазыңыз. Осы тізімдегі шаруаларды ғана атқарыңыз, тізімге қатысы жоқтарын өз иелеріне тапсырыңыз.
  • Өзіңізге ғана емес, басқа адамдарға да сенуді, олардың шама-шарқына, ақыл-парасатына, қабілеттеріне сенім артуды және басқалардан көмек сұрауды үйреніңіз.


Мүлде көмек бермей тұра алмаймын десеңіз, жәрдемді дұрыс жасаңыз.

  • Қиналған адамға «жылама», «уайымдама», «ол туралы ойлама» дегендей сөздерді айтпаңыз. Эмоцияларын толық өткізсін, сол арқылы ғана ол нәрсе іште қалмайтындай жағдайды жіберіп, күресуге күш жинай алады.
  • Уәде беруден аулақ болыңыз (егер соншалықты жақын адамыңыз болмаса). «Мен үнемі жаныңда боламын», «Барлығы жақсы болады», «Бәрін бірге жеңеміз», «Мен саған мынадай жасап беремін»... Сіз болашақта не болатынын білмейсіз, бос уәде беріп жатқан болуыңыз да мүмкін.
  • Біреуге оңай көрінген нәрсе – біреуге трагедия. Сол себепті «Ой, осыған бола уайымдап отырсың ба? Түкке тұрмайтын нәрсе ғой» деген сияқты сөздер де қолдауға жатпайды. Бұлардан жағдайды төмендетпесеңіз, жақсартпайсыз.
  • Көмек сұрағанын күтіңіз. «Бірдеңені байқап жүрмін, не болды?», «Саған көмектескім келеді», «Маған айтшы» деп жанын қоймай сұрақтың астына алмаңыз. Айтқысы келмесе, қинамаңыз.
  • Тіпті, көмек сұрағанның өзінде бірден іске кірісіп кетпей, оған уақытыңыз, шамаңыз, ынтаңыз бар ма, соны біліп алыңыз. Уақытым тапшы, күшім жоқ, көмектескім келмейді десеңіз, өзіңізді қинамай, бас тартуға құқылысыз.
  • Әрине, жағдайды дұрыс бағалау да маңызды. Егер адам депрессиямен немесе сол секілді психикалық аурулармен ауырса, зиянды әдеттердің, азарттық шыңырауынан шыға алмай жатқан болса, сұраусыз көмектесіңіз. Бірақ өз күшіңізбен емес, арнайы мамандардың жұмысы керек.

«Құтқарушылықтан» шығу – ынта-ықыласты, біраз уақытты, тыңғылықты әрекетті және энергияны қажет ететін ұзағырақ процесс. Кейбір ұстанымдарды өзгертуге, жаңа әдеттер енгізуге, өзіңізді тұлға ретінде дамытуға, өз өміріңіз бен іс-әрекеттерге жауапкершілік алуға тура келеді. Бірақ ақыр соңында Сіз өзгелерге ғана емес, өзіңізге пайдалы адамға айналасыз.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Өзіңізге ТАБИҒАТТАН ТЕГІН энергия алуды ҮЙРЕТІҢІЗ