ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР бір-біріне ӨТІРІК АЙТУЫНА болады

0
3 362

Кейде аздап алдай салғаннан артығы жоқ.


ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР бір-біріне ӨТІРІК АЙТУЫНА болады

Отбасылық қарым-қатынастың адалдыққа, шыншылдыққа негізделгені жақсы. Алайда, өмірде жұбайыңа өтірік айтуға тура келетін кездер де болады. Жалған сөйлеуге жол жоқ деп ақиқатты жария етсеңіз, «артық қылам деп тыртық қылдының» кері кеп қалады кейде. Сондайда аздап алдай салғаннан артығы жоқ дейді психологтар.

Әрине, әңгіме үнемі және оңды-солды өтірікті шындай сапыру туралы емес. Тек мына жағдайларда ғана ақпаратты бұрмалауға, жасырып қалуға болады.


Өзі мен балаларын қорғау жолында

Бұл жағдай көбіне әйелдерге қатысты екені ақиқат. Ұрып-соғатын, қысым көрсететін күйеуге қарсылық таныта алмайтын нәзік жандылар өзін қорғау мақсатында айла-амалға жүгінуіне әбден болады. Тіпті, солай жасағаны дұрыс та. Күнделікті өмірде күйеудің соққысының астында қалмау үшін барлық амалды қолдану, соның ішінде өтірік айтуды да өмір өзі үйретеді. Тіпті, ондай күйеумен ажырасамын деп шешкен күннің өзінде, бірден киім-кешекті жинап кетіп қалуға болмайды. Далада, аш-жалаңаш қалмау үшін дайындық жасау қажет. Адамдардан ақыл-кеңес, көмек сұрау, қайда баратынын ойластыру, қаражат, тұратын үй-жай жағын қамдастыру, заттарын буып-түйіп дайындау біраз уақытты қажет етеді. Осы уақыт аралығында абьюзер күйеуді алдарқатып, назарын басқа жаққа аудару, қарсыласпай, дегеніне көне тұру, жоспарын барынша жасыру керек болады.


«Менен бұрын біреуді жақсы көрдің бе?»

Егер еріңіз не әйеліңіз көзіңізге тіке қарап тұрып осындай сауалды көлденең тартса, қалай жауап беру керек? Шынымен өмірлік серігіңізге дейін ешкімге сезіміңіз ашылмаған болса жақсы. Керісінше болса, тек шындықты айтамын деп, бұрынғы арақатынастарды тізбектеп отыруға әсте болмайды. Оны айтқаннан кімге не пайда, не жақсылық? Екеуңіздің араңызға үшінші, төртінші адамдардың елесін қыстырып, ыңғайсыздық, жағымсыз сезімдер туғызып қайтесіз? Сондықтан жүз пайыздық сенімділік орнататындай қылып «ЖОҚ!» деңіз.

Тек егер жұбыңыз шынайы жауапты өтініп сұраса, талап етсе ғана ақиқатты алдыңғы орынға қоюға болады.


Тосын сый әзірлеп жатқанда

Сыйлық – арақатынасты жақсартуға, сыйластықты арттыруға, көңіл-күйді көтеріп, уақытты жақсы өткізуге көмектесетін өте қажет құрал. Тосыннан жасалғаны тіпті жақсы. Күтпеген сый көңілден шықса, көңіл-күйді бірден аспандатып жібереді. Сондықтан, сыйды көбіне күтпеген жағдайда жасаған жөн. Дайындық кезінде сұрақтарына аздап бұрмалап жауап беру, бірдеңелерді жасырып қалу, шыныңызды айтпау – мұның бәрі сыйлық алыс-берісі біткеннен кейін кешірілетін нәрсе.


Жақсы адам айыпты боп қалғанда

Еріңіз (әйеліңіз) жап-жақсы адам, алайда бірдемені қате жасап, айыпты боп қалды делік. Мұндайда айыбын бетіне басқаннан көрі, жаманын жасыра салған жақсырақ болар еді. Қатесі жаныңызға батса да, ол қайта-қайта кешірім сұрап жатқанда «мен ренжіген жоқпын, ештеңе етпейді» деп айтуға күш тапсаңыз, бұл шын сөзден де жақсы.

Немесе, тым жақсы жанмен айрылысу алдында тұрсаңыз... Өмірде бәрі мүмкін, жақсы адамдармен де айрылысып жатады. Себеп ерлі-зайыптылардың бірінің мінез-құлқында емес, мүлде басқа жақта болуы әбден мүмкін. Соңғы шешім қабылданып, заттар жиналып, сөмкеге салынып жатыр делік. Ол не үшін кеткелі жатқаныңызды әлі түсінбей, мың сұрақ қойып, айналшықтап жүр. Бұл ретте де бар кінәні аударып кетпей, бір бөлшегін өтірік болса да өз мойныңызға алған абзалырақ.


Мақтап-мадақтау мақсатында

Адам болған соң, басқа неше түрлі жағдай түспей тұрмайды. Олардың әсерінен сырт келбетінде, мінез-құлқында, жұмысында, тапқан табысында, т.с.с. түрлі өзгерістер орын алуы мүмкін. Мәселен, ауырып, жүдеп кету, ұйқыдан ісініп ояну, сәтсіздік салдарынан табыстың азаюы, жұмсақтық салдарынан біреуге ақысын жегізіп қою деген секілді жағдайлар. Осындай кезде шындықты бетіне айтып салғаннан көрі, көңіліне қарап «Әр кездегідей әдемісің», «Бізге осы мінезіңмен ұнайсың», «Бізді асырап-бағып, ештеңеден таршылық көрсетпей, бәріне жеткізіп отырған өзің ғой» деген секілді мақтау-мадақтау сөздермен қолдау көрсету өтірік айтуға емес, махаббатты білдіруге жатады.


Біреудің құпиясын сақтау үшін

Ерлі-зайыптыларға өздеріне тікелей қатысты нәрселер, өз дүниелері ғана ортақ. Сондықтан, кейде күйеумен не әйеліңізбен бөлісуге болмайтын нәрсені бөліспеу – қалыпты жағдай. Әсіресе, өзге біреудің сыр қылып айтқан құпиясын жұбыңыздан жасыру, қанша білгісі келсе де, басқаша айтып, әңгіме ауанын басқа жаққа аудару – айып емес. Әрине, құпияны жасырамын деп бүге-шігесіне дейін ойдан құрастырылған жалған ақпар айтудың қажеті жоқ. Жай ғана «білмеймін», «біз ойлағаннан басқаша сияқты» деген сияқты екіұшты сөздер жеткілікті.

Аударған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Тұрмысқа шыққан соң ӘЙЕЛДІ қандай жағдайлар ӨЗГЕРТЕДІ?