​БАЛА ҚЫМБАТ ЗАТТЫ СЫНДЫРЫП ҚОЙСА... Не істеу керек?

0
2 410

Ол заттың орны оңай толса, қанекей? Өз қолыңыз әрең жеткен болса ше? Біреудікі болса, тіптен қиын.


​БАЛА ҚЫМБАТ ЗАТТЫ СЫНДЫРЫП ҚОЙСА... Не істеу керек?

Балаға қанша айтсаң да, қалай үйретсең де, әйтеуір бірдеңені бүлдірмей тұрмайды. Құлату, сындыру, жоғалту, жырту, бұзу - олардың ата кәсібі дерсің. Өз қалтасынан шығынданып, құн мен құндылық ұғымдарын түсінбейінше, оларға «екі қойың – бір сом». Бірде байқамай қалады, ойнап жүріп, ойланбай жасап қояды. Ішінде не барын білгісі кеп бөлшектеп тастайды. Кейде әдейі қырсығып, қарсылығын осылай білдіреді. Енді бірде еркелеп, ел назарын өзіне аударудың амалы. Ол заттардың орны оңай толса, қанекей? Бағалы, өз қолыңыз әрең жеткен қымбат болса ше? Біреудікі болса, тіптен қиын. Қайтпек керек?


Сауалға жауап бермес бұрын, Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабынан үзінді ұсынғым келеді.

«Сүйінші!» деп жалт қарасам, гүлі шашылып, суы жайылып ваза қирап жатыр. Ержанның көзі бақырайып, ерні жыбыр-жыбыр етеді. Сынған вазаның әйнектерін жинаудан бұрын папканы атама әкеліп бердім. Ержан үндемей сол тұрған орнында үрпиіп әлі тұр, көзінде үрейлену, қаймығу бар.

-Ештеңе етпейді, сен әдейілеп сындырған жоқсың ғой,-дедім. Осы кезде атам Ержанға қарап:

-Екеуміз балконға шыға тұрайық, мамаң мына жерді сыпырып алсын,-деп немересіне қолын ұсынды. Ол атасына ілесе беріп, кінәсін мойындағандай, не деу керек екеніні есіне түскендей:

-Маматай, кешіріңіз,-деп қолын кеудесіне басты.

-Жарайды, бара бер,-дедім.

Олар шығып кетті, мен сыпырғышты әкелмекші болып есікке жеткенімде, қайта кіріп келе жатқан атама маңдайым тіреліп, кейін серпілдім.

-Жаңағы ырымың жақсы екен,-басын еңкейтіп сыбырлай айтты. Коридордың орта тұсында бізге қарап тұрған жан естімесін деген секілді.

Қайдағы ырым, әншейін әдет болып кеткен ғой. Анам марқұм өстіп бір нәрсе сынғанда «сүйінші» деп, бірдеңе шашылса «шашу» дейтін. Сол бала жастан құлаққа сіңіп, есейе келе маған да дағды болып кетіпті.»

Зейнеп Ахметованың кітаптарын жақсы көремін. Оқыған сайын жақсы ой түйесің. Әйткенмен дәл осындай жағдайларда үнемі «сүйіншілете» берген дұрыс болмайтын секілді. Бұлай жалғаса берсе, бала дүниенің қадірін, заттардың құндылығын түсінбейтін, айналасына еш ойланбастан зиян келтіре беретін, шығынға батырудан шайлықпайтын адам болып өсуі әбден мүмкін. Сондықтан, ата-аналар баланың «бүлігіне» күле салмауы керек. Байқамаған сыңай таныту, «ештеңе етпейді» деп елеусіз қалдыру да жөн болмас. Ұрсу, ұру, жазғыру арқылы жазалаңыз демейміз. Ең дұрысы, болған жағдайға қатысты өзіңіздің шынайы көзқарас, әсер, эмоцияңызды білдіру.

Себебі бала өзінің бүлдіргі қылықтарының салдарын түсінуге тиіс. Түсінетіндей жаза тағайындау – ата-ананың ісі.


Ең алдымен, балаға тура әрі нақты сөздермен не жасағанын, оның кімге қандай зияны болғанын, осы затты бүлдіру арқылы кімді ренжіткенін, қандай мәселе тудырғанын айту керек. «Ағаңның телефонын сындырып қойдың, оның көңіл-күйі түсетін болды», «Бұл зат әкеңнің жұмыс істеуіне қажет еді, енді қайта сатып алу керек», «Қарындасыңның сүйікті ойыншығын бүлдірдің, ол жылайды», «Менің әшекейімді жоғалтып алдың, армандап жүріп алып едім, оны алу үшін көп ақша төлегенмін», «Көршінің терезесін сындырдың, енді оларға жаңа терезе салып беру керек», «Досыңның велосипедін бұзып тастадың, енді ол өзі тебе алмайды, анасы ұрсатын болды», т.с.с.

Бала қатесін түсінгеннен кейін «Жағдайды қалай түзетсек болады, қалай ойласың? Ренішін басу үшін не істей аласың?» дегендей сұрақтар қойып, бірге шешім іздеу керек. Баланың ойына ештеңе келмей жатса, нұсқалар ұсыныңыз. Айталық, өзіне жөндету, жуғызу сүрткізу, тіккізу, қайта құрастыру, т.с.с. Орындау барысында аздап көмектесіңіз. Ересектеу балаларға жәрдем берудің қажеті жоқ, тіпті, келтірген шығынның орнын қалай толтыруды да өзі ойланып тапқаны абзал.

Бүлінген затты қайта қалпына келтіру мүмкін болмаса, оның орнына өзі үшін қымбат бір затын беруді ұсыныңыз. Көп жағдайда бұл ойыншық не сүйікті киімі болуы мүмкін. Бергенінің бала үшін қимас заты болуы міндетті. Сонда ғана әр әрекеті үшін өзі жауапты екенін, дұрыс емес істердің жағымсыз салдары болатынын, қымбат, қимас заттармен қоштасудың қиын тиетінін, өзгенің затын бүлдірмеу керегін, ұқыппен қарауды ұғынады.

Дүкенде сатылымда тұрған тауарды жарамсыз қылса, ақысын өзіңіз төлегенмен, келтірілген шығынды өтеуді өз мойнына артыңыз. Мәселен, «Сен бүлдірген зат үшін осынша теңге төледім, енді маған қалай өтейсің?» деп сұраңыз. Қарызын еңбек етумен, үй шаруасына көмектесумен, басқа да шамасы келетін шаруаны атқарумен қайтаруын ұсынуға болады. Немесе белгілі бір уақыт аралығында тәтті әперуді шектеуге болады. Бұлар - ең ұтымды жолдардың бірі.

Осылайша баланы жасарын жасап алып, кешірім сұраумен құтылуға емес, келтірген залалдың орнын толтырып, айыбын жуып-шаюға дағдыландырыңыз. Басты мақсат – еңбекті, еңбекпен келген дүниені қадірлеуді, сондай-ақ өзгенің мүлкін, меншігін сыйлауды, көңілін бағалауды үйрету.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Баланы қытықтап күлдіруге болмайды